Жыл басынан бері 236 солтүстікқазақстандық құтырма дертінің алдын алу мақсатында дәрігерлерге жүгінген. Науқастардың 150-ден астамын ит қапқан. 70-ке жуығы мысықтан, 1-еуі түлкіден, 6 адам жылқыдан, 5-еуі тышқан мен егеуқұйрықтан қауіп көрген. Құтырманың алдын алу мақсатында өзгелеріне қарағанда Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындары мамандарға көп жүгінген. Мұнда 18 жағдай тіркелді. Айыртауда да аз емес – 11. Өзгелеріндегі сан бестің шамасында.
ЮЛИЯ ГАЙСИНА – облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Құтырма ауруына қарсы көмек көрсету туралы өтініштердің барлығына эпизоотиялық және эпидемиологиялық тексерулер жүргізілді. Мамандарға жүгінген 236 адамның барлығы екпе алды. Құтырма – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, вакцинамен басқарылатын зоонозды вирустық ауру. Клиникалық симптомдар сатысында одан болатын өлім-жітім 100% құрайды. Адамдарға құтырма вирусы көп жағдайда иттен жұғады.
Су тасқыны кезінде иттер өздерін құтқарған еріктілер мен құтқарушыларды да қапқан. Мамандарға осылай деп 14 адам жүгінген.
Қорытындылай келе, биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құтырма ауруына қарсы ем іздеп келгендердің саны едәуір өсіп отыр.
ЮЛИЯ ГАЙСИНА, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Өңірде құтырма ауруына қарсы көмекке жүгінгендер саны 11,8 пайызға өсті. Негізі, бұл аурудың емі жоқ. Сол себепті, вакцинамен дерттің алдын алуға болады. Профилактикалық екпені адам ағзасы жеңіл қабылдайды. Осы кезде дұрыс әрі дәруменге толы тағам жеп, ішімдіктен бас тарту керек.
Ит қапса, мысық тістесе немесе күдік туындаған тағы басқа жағдайда мамандар дененің сол бөлігін кем дегенде 15-20 минут бойы сабынмен жуып, жараның шетін 70%-дық спиртпен немесе 5%-дық йод тұнбасымен өңдеуге кеңес береді. Кейін медициналық мекемеге бару керек.