Қолдарына күрек ұстаған корнеевкалықтар Мәдениет үйінің маңына көшет егіп жатыр. Ауқымды шараға еріктілері мен ардагерлер жұмылдырылды. Мұндай жиын арнайы бір шараға ғана орайластырылмайды, дәстүрге айналған. Мәселен, былтыр ауылда 200-ден астам шырша отырғызылыпты. Округ ардагерлері кеңесінің төрағасы Владимир Голузин жастарға үлгі көрсетіп, өлкенің көркеюіне үлес қосып жатыр.
ВЛАДИМИР ГОЛУЗИН, Корнеевка ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Есіл ауданы:
– Бұл акцияға барлығы қатысып жатыр. Біз де қалыс қалмадық. Өзім жақында 80-ге толамын. Соның өзінде сенбілікке шықтым. Осының барлығын ұл-қыздарымыз жақсы жерде өмір сүрсін деп жасап жатырмыз.
Бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарының бірі ағаш егіп жатса, енді бірі 60 жылдық тарихы бар ескерткіштің маңын ретке келтіруде.
ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:
– Таңмен таласқан Корнеевка тұрғындары қолдарына күрек пен тырмаларын ұстап, ескерткіш маңын қоқыстан тазалауда. Мұндай шара жыл сайын 9-шы Мамыр қарсаңында ұйымдастырылады.
Сергей Кривенко – жергілікті белсенді. Ер азамат бос уақытында егде жастағы адамдар мен мүгедек жандарға қол ұшын созуда аянбайды. Кіндік қаны тамған жерді барынша таза ұстауға тырысады.
СЕРГЕЙ КРИВЕНКО, волонтер, Есіл ауданы:
– Қоқыс шашылып жатқан ауылда кім тұрғысы келеді? Сол себепті, шашылып жатқан дүниені жинап алып, қоқыс орнына апарып тастаймын. Балам да бос уақытында ерікті болып еңбек етеді. Тиіп тұрған Торанғұл көліне қаншама демалушы келеді. Ауылды таза ұстау керек.
Корнеевкалықтар бүгін 150 қайың отырғызды. Ауылды абаттандыруға 50-ге жуық адам атсалысты.
ГРИГОРИЙ ЗИМАРЕВ, Корнеевка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:
– Әбден ескірген ағашты кесіп тастап, орнына жаңасын отырғызамыз. Тағы 100 көшет егуді жоспарлап отырмыз. Осы акция барысында Корнеевка ауылынан 300 текше метр қоқыс шығарылды.
Ауқымды шара Торанғұл көлінің маңында да атқарылды. Тұрғындар қолдарына қолғап киіп, демалушылар өткен жазда қалдырып кеткен қоқысты тіпті қаппен жинады.
Гүлден Сембаева