Қоғам

Болашақ ұстаздарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Ұстаздық қызметті таңдаған жастарға керемет мүмкіндік. Бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де ұстаздарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға облыс орталығына алыс-жақында орналасқан елді мекендегі білім ұяларының өкілдері қатысты.

НӘЗИРА ТАСҚАЛИЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ мансап және жұмыспен қамту орталығының әдіскері:

– Бүгінгі жәрмеңкенің мақсаты – болашақ мұғалімдерді жұмыспен қамту. Бүгін 26 мекемеден қатысып отыр. Көбі ауылдық, аудандық мектептерден келіп отыр. Біреуі қалалық білім ұясынан қатысуда. М.Жұмабаев, Шал ақын, Мамлют, Тайынша, Қызылжар, Айыртау және Есіл аудандары кіреді.

Сырым Мұхамедин – Шал ақын ауданына қарасты Кеңес орта мектебінің директоры. 60 оқушы оқитын білім ұясына ағылшын, биология, химия және информатика пәнінің мұғалімдері қажет. Бұған дейін мұндай мәселе болмаған көрінеді. Биыл мамандар орын ауыстыруларына байланысты тапшылық пайда болыпты. Мектеп басшысы жас мамандарға барлық жағдай жасалады деп отыр.

СЫРЫМ МҰХАМЕДИН, Кеңес орта мектебінің директоры, Шал ақын ауданы:

– Ауылға барғаннан кейін “Дипломмен ауылға” бағдарламасы қарастырылған. Үй мәселесі шешіледі. Барлығы білетіндей, 25 пайыз еңбекақыға төленеді. Біз жан-жақты қолдау білдіреміз. Бастапқы 3 жылға тәлімгер қоямыз. Жағдай жасалады.

Сергей Самойленко – болашақ тарих пәнінің мұғалімі. Студент мүмкіндікті жібермей, қазірден жұмыс іздеуді бастап кетіпті. Ауылды жерде қызмет жасаудан тартынбайтынға ұқсайды.

СЕРГЕЙ САМОЙЛЕНКО, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Бос жұмыс орнына байланысты бірнеше нұсқаны көрдім. Мысалы, Явленка орта мектебі мен қаладағы 40-шы мектеп. Аталмыш мекемелерден келген мамандар жақсы ұсыныстарын жасады. Оқуымды аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа кіруге керемет мүмкіндік деп ойлаймын.

Жалпы, бүгінгі іс-шараға 500-ге жуық студентті қатыстыру жоспарланған. Айта кетейік, бос жұмыс орны жәрмеңкесі бұған дейін онлайн форматта өтіп келген.

 

Ақжүніс Мұқатай