Қоғам

Жетісудан 40 тонна гуманитарлық көмек жетті

Солтүстік Қазақстан облысына қол ұшын созған өңірлердің қатарына Жетісу облысы да қосылды. Жер жәннаты саналатын аймақтан өлкемізге
азық-түлікпен қатар, тұрмыстық заттар және тағы да басқа керек-жарақ тиелген жүк көліктері жетті.

ЕЛДОС АЛПЫСБАЕВ, Жетісу облыстық ҚХА бөлім жетекшісі:

– Көмектен Жетісу облысы қалыс қалған жоқ. СҚО-ға 40 тонна гуманитарлық көмек әкелдік.

Жалпы, су тасқыны басталғалы Жетісу өңірінен еліміздің су басқан аймақтарына 190 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді. Бұдан бөлек, жұртшылық түрлі қайырымдылық қорларына да жылу жіберген. Көмекті жинауға «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер белсенді қатысты.

АРЫСТАНҒАЛИ АРЫН, «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы:

– Бұл гуманитарлық көмек Жетісу жұртшылығынан шын жүректен жіберіліп отыр. Игілікті іске мүмкіндігі шектеулі жандар да белсенді ат салысты. Сондай-ақ, «Ажар» тігін фабрикасы, Қазақстан халқы ассамблеясы, қарапайым адамдар да өз үлестерін қосты. Біз осылай біріккен кезде ғана барлық қиындықты жеңіп шығамыз.

Соңғы 2,5 аптада Солтүстік Қазақстан облысына 1300 тоннадан астам гуманитарлық көмек келді. Оның барлығы «Радуга» серіктестігіндегі қабылдау орталығында сұрыпталады және ресми беру нүктелеріне жіберіледі. Оның үшеуі Петропавлда орналасса, қалғаны Қызылжар ауданында орын тепкен.

 

Байболат Құлтанов