ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:
– Мына артымдағы үйде Фазыловтар жанұясы 6 жыл тұрған. Баспана су тасқынына шыдас бермей, қабырғалары опырылып қалған. Бір сөзбен айтқанда үйдің түгі қалмапты.
Екпінді суға шыдас бермеген үй саманнан салынған екен. Тұрғызылғанына 70 жылға жақындап қалыпты. Әбден тозып тұрған үйді қарғын су бүйірінен тесіп өткен. Тесік үй жамап-жөндеуге келмейді. Бұл – Фазыловтардың бұрынғы, ал мынау – қазіргі үйі. Қазіргі үйді жергілікті кәсіпкер беріп отыр. Үй жаңа емес екені түсінікті, бірақ бүтін әрі жылы дейді тұрғындары. 3 бөлмелі баспанаға Фазыловтар бір апта бұрын орналасқан.
ТАТЬЯНА ФАЗЫЛОВА, Семипалатное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Бұл үй бір жыл бұрын сатылымға қойылған екен. Салынғанына 40 жылға жақындаса керек. Өзімізге ұнады. Қазір ішін жайластырып жатырмыз. Қора-қопсысы да бар екен. Азын-аулақ малымыз бар. Біздің жағдайымызды түсініп, қол ұшын созған жандарға алғысымды білдіремін. Осы ауылда қаншама жыл тұрсам да мұндай топан суды бірінші рет көрдік.
Баспана 800 мың теңгеге сатып алыныпты. Жомарт кәсіпкер – Ләззат Жәкеева. Іскер келіншек егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Дмитрий Фазылов 7 жылдан бері осы кісінің қол астында жұмыс істейді. Кәсіпкер осындай қиын сәтте отбасына қолдаусыз қалдыра алмадым дейді.
ЛӘЗЗАТ ЖӘКЕЕВА, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:
– Дмитрий Фазылов бізде механизатор болып қызмет атқарады. Су тасқыны бірлігімізді арттырды. Жұмысшылар бірлесіп, тасқын кезінде ауыл тұрғындарына көшуге көмектестік. Жиһаздарын көтерісіп, малын шығарыстық.
Семипалатное ауылында 90 үй болса, қарғын су соның 12-сін басқан. Зардап шеккен тұрғындардың барлығы біржолғы төлемдерін алды. Ендігі кезекте үйді бағалайтын комиссия мүшелерін күтуде.
АБАЙ ШАЙМЕНОВ, Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Қалғандарының үйі комиссияның қолында. Үй ала ма әлде жөндеу жұмысы істеліне ме – оны комиссия айтады. Бізде Рассветте сатылатын үйлер бар, мүмкін, соны сатып алатын шығар. Дүйсенбі күні мамандар келуі тиіс.
Қызылжар ауданында биыл 1500-ден астам үйді су басқан.
Гүлден Сембаева