“Қарасай” стадионы – гуманитарлық көмек таратын орындардың бірі. Сенбі күні осы жерде қалалық жастар ресурстық орталығының волонтерлері түсіндіру жұмысын жүргізді. Кездестірген тұрғындардың барлығы біржолғы төлемақыларын алған.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Біржолғы төлемақыларын алған азаматтарға да жаднама бердік. Түсіндіру шарасы аясында біз барлығын қамтуға тырыстық. Осыған дейін жатақханаларды аралап, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап бердік.
“Қарасайдағы” көмек қосынына келетіндердің барлығы – Ойқала ықшам ауданының тұрғындары. Анастасия Шартонның да үйін топан су басқан. Қызыл судың кесірінен қаншама еңбек зая кетті дейді. Нәзікжанды мемлекет пен қайырымды жандар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдірді.
АНАСТАСИЯ ШАРТОН, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:
– Жақында ғана біржолғы төлем алдық. Өтінішті екі апта бұрын жазған болатынмын. Мемлекетке ризашылығымыз мол, жәрдемдесіп жатқандарға көптен-көп рахмет. Еріктілердің сіңіріп жатқан еңбегі ұшан-теңіз.
Су тасқынынан зардап шеккен жандар біржолғы төлем алу үшін әкімдікке барып, өтініш жазулары қажет. Құжат 10 күн ішінде қарастырылады.
Мәдина Қаби