Қоғам

“Мәңгілік алау” ескерткішінің маңында сенбілік өтті

Сенбі күні қалада сенбілік өтті. Тазалық шарасына шыққандардың дені – мемлекеттік қызметшілер. Олар бұл күні Мәңгілік алау маңын жинастырды. Мамандардан еріктілер де қалыс қалар емес. Белсенді жастар қураған жапырақ пен шөп, сынған бұтақтарды терді.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біз қалалық әкімдік мамандарына көмектесіп жатырмыз. Бірнеше жерге бөлініп алдық. Барлығы – 60-қа жуық волонтер. “Таза Қазақстан” акциясына қолдау білдіріп, қаламызды қоқыстан тазартуға бар күшімізді саламыз.

Сенбілікте мәдениет бөлімінің мамандары аса белсенділік танытуда. Қолына күрек пен сыпырғыш ұстаған жандар берілген аумақты бірер минуттың ішінде тап-тұйнақтай тазалап шықты. Сенбілікке шыққан адам саны көп болғандықтан істері де өнімді.

РУСЛАН СЕНКЕБАЕВ, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Қалалық әкімдіктің барлық бөлімдері, қызметкерлері қала бойынша төрт аумаққа бөлінген. Біз бұл жерді күл-қоқыстан тазалаудамыз. Ал мына көліктегі жұмысшылар Мәңгілік алаудың ескерткішін бояп жатыр. Біз әкімдік мамандары сенбі сайын шығып отырамыз. Ал маған қарасты мәдениет үйлері өнерлерін қоя тұрып, қолдарына тырнауыштарын алып, күнделікті шығып, қаланы қоқыстан тазартады.

Еңбексүйгіш қауым Мәңгілік алаумен ғана шектелмей, келесі аптада өзге жерлерді де тазалықпен көркейтеді. Қоқысы жоқ жер көрікті болатыны шүбәсіз.

 

Мәдина Қаби