Облыстық әкімдікте көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл іске баса көңіл бөлу қажеттігін айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жауын-шашын көлемі көп жылдық деңгейден асып түсті. Биылғы жылы топырақ ылғалдығы жеткілікті. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Ендігі кезекте дала жұмыстарын тиімді жүргізуге барынша күш-жүгерімізді салуымыз қажет.
Қазір топырақтағы ылғал молынан, бірақ мамыр айында оның булануы күшейеді. “Бұл жердің тез кебуіне мүмкіндік береді”,- деді «Қазгидромет» филиалының директоры Қымбат Мерғалымова.
ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:
– Көктемгі дала жұмыстары басталар кезде М.Жұмабаев, Тимирязев, Жамбыл, Есіл, Қызылжар және Аққайың аудандарында топырақтың ылғалдылығы қанағаттанарлық жағдайда болады деп болжам отырмыз. Өзге аудандарда да ылғал қоры көңіл көншітерлік деңгейде болады. Ал Ақжар жағында ылғалға қатысты көрсеткіш төмендейді.
Биыл өңір диқандары 4 жарым млн гектарға егін егеді. Оның 3 жарым млн-ға жуығын дәнді дақылдар құрайды. Жемшөп – 79 мың, көкөніс 5 мың гектарға отырғызылады.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Егістікті әртараптандыру шеңберінде майлы дақыл алқабы 751 мың гектарға дейін ұлғайтылды, яғни 134,8 мың гектарлы алқапты жасымық алмақ. 26 мың гектарға қарақұмық егіледі. Ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп 7,7 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Биыл егістік алқабына 257 мың тонна жуық минералды тыңайтқыш себілуі тиіс. Алайда, Мейрам Меңдібаевтың айтуынша Жамбыл мен Ақжар аудандарында тыңайтқыш сатып алу бойынша жеткізушілермен әлі күнге дейін келісім жасалмаған. Облыс әкімі
бұл олқылықты дереу түзеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, егіс көлемін азайтпауды ескертті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз осы немесе келесі аптада ылғал жабу жұмысына кірісеміз. Мамыр айында егін егуді бастаймыз. Осы ретте дақылдар егілетін аумақты 1 гектарға болсын кемітпеңіздер. Арттырып жатсаңыздар, құба-құп. Оның құрылымы облыстың да, түгел елдің де азық-түлік белдеуіне сай есептелген. Сол себепті, қоймадағы өнімдер әрқашан сұраныста.
Биылғы өңірде көктемгі дала жұмыстарына 13 мыңға жуық трактор, 14 мың тұқым сепкіш, 1,5 мың заманауи егіс кешені жұмылдырылады.
Гүлден Сембаева