Экономика және қаржы

Су тасқыны салдарын жоюға бөлінген қаржы тексеріледі

Мемлекеттің миллиардтары желге ұшпауы тиіс! Еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуын тексереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл бағытқа Үкімет, квазимемлекеттік компаниялар, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар 140 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Агенттік төрағасы Дмитрий Малахов қоластындағыларға бөлінген ақшаның мақсатты пайдаға жаратылуын және көмек зардап шеккен азаматтарға нақты жетуін қамтамасыз етуді тапсырды. Іске мықтап кіріспесе болмайды. Бүгінде елдегі кейбір адамдар тасқын кезінде “табыс” табуды шешкені анықталып отыр.

«Осылайша, қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында жымқыру белгілері бойынша төрт іс қозғады. 5 адам күдікті деп танылды. Залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар, алдын алу жұмыстары зардап шеккендерге көмектесу үшін ақша жинауды жариялайтын алаяқтарға қарсы тұруға бағытталатын болады» – делінген хабарламада.

 

Байболат Құлтанов