Қоғам

Эвакоқабылдау пунктінде бірретік төлемге өтініш қабылданды

Жақында Былғары зауыты ауданында тұратын Наталья Чорбаның үйі су астында қалды. Нәзікжанды қара шаңырағын 7 жыл бойы тұрғызған. Қазір жалғызбасты ана қызымен бірге №4 орта мектепте орналасқан эвакоқабылдау пунктін паналауда. Тасқын алдында қажетті дүниелерді шығарып үлгерген.

НАТАЛЬЯ ЧОРБА, қала тұрғыны:

– Қазір үйімнің шатыры ғана көрінеді. 2017-ші жылы су тек еденге дейін тұрған еді. Ол кезде бір жыл бойы туған-туысқандарымның үйінде тұрдым. Тасқын тарағасын бағалаушылар келіп, есептеу жұмысын жүргізбекші. Олар баспананың жарамды не жарамсызын айтады.

Бүгін мұндағы эвакуацияланған тұрғындар бірреттік төлем алу үшін өтініш білдіруде. Мектепте тасқыннан зардап шеккен жандарға арналып, «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдау өтті. Ескерер жайт, мемлекеттік көмек тұрғынның жеке куәлігінің көшірмесі, банктік шот нөмірі және баспананың суға кеткенін растайтын құжат ұсынылған жағдайда тағайындалады.

ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

– Өңірімізде 6 мобильді топ жұмыс істейді. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың барлығын қамтудамыз. Бүгінгі таңда біздің мобильдік топқа мыңнан астам өтініш түсті. Кеше 265-ке жуық өтініш жазылды.

Қазір уақытша қосында 44 ересек адам мен кәмелетке толмаған қос бала тұрып жатыр. Білім ұясында зардап шеккен тұрғындарға 4 кабинет бөлінген. Барлығы жабдықталған. 3 мезгіл тамақ беріледі.

 

Гүлден Сембаева