Құқық қорғау органдары

СҚО-да үш ай ішінде 200-ге жуық интернет-алаяқтық тіркелді

“Банктен қоңырау шалу”. Бұның интернет-алаяқтардың әдеткі айласына айналғаны қашан? Облыста үш айда 200-ге жуық интернет-алаяқтық тіркелсе, басым бөлігі осы схемамен жасалған. Қулардың қитұрқы әрекеттерін біреу білсе, біреу білмейді, кейбіреуі біле жүріп алданып қалып жатады. Осы ретте тәртіп сақшылары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін жиі қаперлеріне салып отыру қажет дейді. Сонда алданбайды.

МИРЖАН МАХМЕТ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Бүгінгі таңда интернет-алаяқтық құқықбұзушылықтарды тіркеу арасында жетекші орын алады. Осыған байланысты криминалдық полиция басқармасы нан-тоқаш комбинаты және «Семейный» супермаркеттер желісімен ынтымақтасып, халықты креативті түрде атап айтқанда – өндірілетін өнімге ақпараттық материалды жапсыру арқылы хабардар етті.

«Алаяқтар қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырады», «HopToDesk», «RustDesk», «AnyDesk», «TeamViewer» қосымшаларын көшіріп алуға көндіреді». Сауда нысанындағы тауарлардың сыртына жазылған жазбалар осындай. Яғни, адам белгілі бір өнімді алған кезде осы жазбаны оқып, ақпарат жадында сақталып қалатынына мамандар сенімді.

БАҚЫТЖАН ФАТҚҰЛИНА – супермаркет директорының орынбасары:

– Ақпаратты өзіміз өндіретін өнімнің сыртына жабыстырдық. Интернет-алаяқтық фактілерін азайтуға полиция қызметкерлерімен бірге біз де өз үлесімізді қосып жатырмыз.

Еске сала кетейік, аталған бағдарламалар телефонға жүктелсе, ар жақтағы адам бірден телефоныңызды қашықтықтан өз қолына алады. Сол себепті, абай болу керек. Байланыс құралына артық ештеңе жүктемеу керек.

 

Мәдина Қаби