ТЖ

Семипалатное ауылының тұрғындары су тасқынына дайындалуда

Қызыл судың алдын алу жұмыстары Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылдық округіне қарасты Семипалатное ауылында да қарқынды жүріп жатыр. 2 аптадан бері елді мекеннің ішінен қар тоқтаусыз шығарылуда. Ол үшін 2 техника жұмылдырылған. Төтенше жайттың алдын алу үшін ауыл тұрғындары да барынша қолғабыс етіп жатыр.

АБАЙ ШАЙМЕНОВ, Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Ауылда су басу соңғы рет 2017 жылы болды. Ауылдың шетіне дейін келді. 20-шы жылы бөгет жасадық. Биыл енді аса бір қауіп төнеді деп ойламаймыз. Ең үлкен су тасқыны 41-ші жылдары кезінде болған еді. Қайталанбауы үшін дайындалып жатырмыз.

Ауыл кішкентай. Небәрі 10 үй түтін түтетіп отырған аймақта 30-ға жетер-жетпес халық бар. Бұл елді мекенге Есіл өзенінің көтерілуінен қауіп төнуі мүмкін. Десек те керекті шараның барлығы дерлік орындалуда.

АБАЙ ШАЙМЕНОВ, Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Тұрғындарымен сөйлестік. Малдарға арналған жемшөпті дайындап қойдық. Эвакуациялағуға арналған арнайы орын да дайын. Адамдарды тасымалдайтын Газель бар. Мал таситын Камаздар да бар.

Тоқтаусыз күнделікті жұмыстың нәтижесінде ауыл ішінен мың текше метрден аса ақ ұлпа шығарылыпты. Су ағу үшін қазылатын арықтар тағы бар. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп ауыл ересектері бірлесе тер төгуде.

ВЛАДИМИР МАСЛАК, ауыл тұрғыны:

– Су тасқынына төтеп беру үшін қызу түрде жұмыс істеп жатырмыз. Биыл қар көп. Міне мына техникалармен қарды сыртқа шығарып жатырмыз. Әзірге, жағдай тұрақты. Қолдан келгенді жасап бағудамыз.

Жалпы, Рассвет ауылдық округіне 4 ауыл кіреді. Төртеуінде де осындай қызу жұмыс жүргізіліп жатыр.

 

Ақжүніс Мұқатай