Ауыл шаруашылығы

Егіс науқанына дайындық

Есіл ауданындағы «Московский» серіктестігі 90-шы жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Ясновка ауылында орналасқан агроқұрылым басшылығы биыл 10 мың 600 гектар жерге егін егуді межелеп отыр. Оның 6 мыңын бидай, мыңға жуығын майлы дақыл, қалғанын қарақұмық пен жепшөп құрайды. Мұнда көктемгі егіс науқанына дайындық қызу. Жұмысшылар техникаларын сайлап жатыр. Иван Голубев – механизатор. Осы серіктестікте еңбек етіп жатқанына 15 жылға жуықтаған.

ИВАН ГОЛУБЕВ, «Московский» ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Қазір тракторлар мен комбайндарды жөндеп жатырмыз. Керекті құрал-саймандар уақытылы жеткізілді. 2015-ші жылы жаңа комбайнға отырдым. 9 жыл болды сол техниканы әлі басқарып келемін. Еңбекақымыз кешіктірілмейді. Тегін тамақтандырады.

Мұнда қазір 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Серіктестік еңбеккерлері егін егуді мамыр айының ортасында бастамақ. Егіс даласына 7 техника шығады.

ВАСИЛИЙ ЧЕРНЫШОВ, «Московский» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Жыл сайын 270 тонна минералды тыңайтқыш аламыз. Бұл 4-5 гектарға жетеді. Минералды тыңайтқыш пен элиталық тұқым құны субсидияланады. Биыл элиталық дақыл алған жоқпыз. Мал шаруашылығына қажет жемшөп: жоңышқа мен судан егуді жөн көрдік. Көктемгі егіске қажет жанар-жағармай да жеткілікті. 5 мың литр май мен 12 мың литр бензин алдық.

Жалпы, биыл Есіл ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 286 мың гектарға жуық жерге егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 1 мың гектарға көп. Диқандар 18 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш себуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 8 мың тоннадан астамы жеткізілген. Көктемгі науқанға деп аудан диқандары күзде қоймаға 28 мың тоннаға жуық тұқым салған екен. Қазір оның сапасы тексеріліп жатыр. Сондай-ақ, ауданға элиталық тұқым да жеткізілуде. Бүгінге дейін 100 тоннадан астам түрлі элиталық сорт сатылып алынған.

 

Гүлден Сембаева