Бұл – Шал ақын ауданындағы «Asyl Farms» серіктестігі. 5 жыл бұрын құрылған агроқұрылым Кривощеково дейтін ауылда орналасқан. «Asyl Farms» егін егумен айналысады. Ендеше қазір мұнда көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Серіктестікте 100-ден астам техника бар. Басым бөлігі жаңа болғандықтан егіс науқанына қамдануға да көп уақыт кетпейді дейді инженер Самат Мұқатаев.
Серіктестік басшылығы 100 мың гектар жердің 75 мыңына тұқым себуді жоспарлап отыр. Дені – бидай мен майлы дақылдар.
САМАТ МҰҚАТАЕВ, «Asyl Farms» ЖШС инженері, Шал ақын ауданы:
– Негізі, бәрі күзден дайын. Техникамызға күрделі жөндеу жүргізудің қажеті жоқ. Дені жаңа. Қосалқы бөлшектерін алдын ала алып қойдық. Егін егу науқанына дайындығымызды 70 пайыз деп бағалар едім. Егіске 60-қа жуық техника тартылады.
Жалпы, былтырғы жыл диқандарға оңай болған жоқ. Жаз айларындағы қуаңшылықтың арты күзде толассыз жауған жауынға ұласты. Салдарынан егінді жинап алу қиынға соқты. Диқандар алдағы күзде астықтың мол боларынан үмітті. Шал ақын ауданында егін биыл 260 мың гектар жерге егілмек.
ҚАЙНОЛЛА СМАТОВ, Шал ақын ауданы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің башысы:
– Былтырғы жылды білесіздер ғой, соның өзінде де аудан бойынша 1 гектардан 11,5 мың центнер бидай, ал майлы дақылдан 9 центнер алдық. Биыл мол аламыз деген ойдамыз. Былтыр 172 техника алдық, биыл да одан кем болмайды.
Ауданда биыл 471 млн теңгеге техника сатылып алынған. Gosagro.kz жүйесі арқылы 3 жарым мың тоннаға жуық арзан дизельдік жанар-жағармай алуға ауданнан 100-ден астам өтінім берілген.
Гүлден Сембаева