Қоғам

Жәбір көрген қыз-келіншектер

Өңірде соңғы 2 ай ішінде отбасылық зорлық-зомбылыққа, оның ішінде әйелдерге қатысты 527 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Көп жағдайда еркектер әйелдерге қол көтеріп, озбырлық көрсеткен. Бұл жайт «AMANAT» партиясының жергілікті филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесінің отырысында айтылды. 96 ызақор қамауға алынса, 60 адамға ескерту жасалды. Ал 1 адамға айыппұл салынды.

ӘСИЯ ӘБЖАНОВА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Осы жылдың 2 айында облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың саны 55,5%-ға азайған. Сондай-ақ, әйелдерге қатысты тұрмыс саласында жасалған қылмыстардың саны 20%-ға төмендегені байқалады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Серік Тоқымбетов атап өткендей, зардап шеккен әйелдерге, балаларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, экономикалық, заң және басқа да бағыттар бойынша көмек көрсетіледі.

СЕРІК ТОҚЫМБЕТОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету шеңберінде 6 айға дейінгі мерзімге баспанада уақытша тұру, мамандармен жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылады. Бескөл ауылында орналасқан үй 20 орынға есептелген. 2021-2023 жылдар аралығында онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 175 құрбаны, оның ішінде ата-анасымен не заңды өкілдерімен жүгінген 98 бала арнайы әлеуметтік қызметпен қамтылды. Қазіргі уақытта баспанада 9 баласы бар 20 әйел тұрып, көмек алып жатыр.

Бұдан бөлек, 2021 жылдан бастап облыста «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда түрлі бағытта заңгерлік кеңес беріледі. Былтыр орталыққа 1823 отбасы жүгінді.

 

Байболат Құлтанов