ТЖ

Тасқынға тосқауыл

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бүгінгі күннің басты тақырыбы – Қазақстандағы су тасқыны. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, еліміздің бірнеше өңіріндегі күрделі ахуалды көресің. Жан-жаққа жайылған су, шыбын жанын шүберекке түйген тұрғындар, қираған үйлер. Жағдай мәз емес. Ал теріскейде әлі ауа райы оң қабақ танытпай тұр. Салқын ызғар бар, қар да тұтасып жатыр. Осыған байланысты өңірдегі кіші өзендердің жаппай көтерілуі әзірге байқалмайды.

Дегенмен, көктем өзінікін біртіндеп алуда. Осыдан бірер күн бұрын Ақжар ауданындағы Шат өзені көтеріліп, Талшық ауылындағы шеткері үйлерге қауіп төнді. Жауапты мамандар дереу арада 22 адамды және малды қауіпсіз жерге көшірді. Түні бойы арнайы техникамен алдын алу жұмыстары да жүргізілді.

Нәтижесінде Талшықтағы үйлерге су кіру қаупі жойылды. Бүгін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жиын өтіп, осы мәселе көтерілді.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Ақжар ауданында қауіп бұлты толықтай сейілген жоқ. Қазір 4 ауылға өзендер мен алқаптардан су кіруі мүмін деген ойға келіп отырмыз. Олар: Қулыкөл, Дәуіт, Ленинградское және Ащыкөл. Тиісті алдын алу жұмыстары жүргізілді. Жағдай біздің жіті бақылауымызда.

Ал кеше тайыншалық тұрғындар екі аяқтарын бір етікке тықты. Еріген қар суы кешкілік Ақмола облысынан біздің өңірге жетті. Абырой болғанда, мәселе күрделенген жоқ.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 2017 жылғы тасқыннан кейін ұзындығы 6 шақырымды құрайтын бөгет тұрғызылған еді. Сол үйінді суды ұстауға көп көмегін тигізді. Қазір оқиға орнында жағдай тұрақты. Тасқынның деңгейі түсіп келе жатыр.

Апаттың салдарымен емес, себебімен күрескен әлдеқайда дұрыс. Осы күндері өзге де аудандар алдын алу жұмысына қарқын қосқан.

Өңірдегі елді мекендерге су кірмегенімен автожолдарды шаю жайты жиілеп барады. Жұма күні ғана құтқарушылар тілшілермен тілдесті. Сонда аймақта 3 учаскені қызыл су шайғаны және 2 жердегі ахуал тұрақталғаны айтылды.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Тасқын қаупі жоғары кезең басталғалы өңірдегі жолдарды су шаю жайты 12 мәрте тіркелді. Оның тең жартысы аудандық маңыздағы жолдар болды. Қазіргі таңда 8 учаскеде жағдай тұрақталды. Яғни, әлі 4 жерде су тұр.

“Күн қашан жылынады?” деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүргені анық. Егер температура көтерілсе, судың да деңгейі көтеріледі. Демек, қауіп жан-жақтан төнеді.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

– Алдағы бірер күнде өңірде қар аралас жаңбыр жауады. Көктайғақ болады. Желдің екпіні кейбір жерлерде секундына 15-20 метрге жетпек. Ауа температурасы түнде 0 мен 1 градус жылыны көрсетсе, күндіз 7 және 13 градусқа дейін көтеріледі.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Өңір аумағындағы өзен-көлдер арнасынан асса, көршілес аймақтардан көп көлемде су келсе, жағдай күрделене түседі. Осы жайт ескеріліп, Түркістан облысынан 51 адамнан тұратын құтқарушылар тобын шақыру жөнінде шешім қабылданыпты. Енді ел көлеміндегі азды-көп ақпармен бөлісейік. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Жиында Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды.

Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.

Кеңес барысында мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Мемлекет басшысы су тасқынына байланысты жағдай бойынша жедел кеңес өткізді. Үкіметте Премьер-Министр басқаратын республикалық штаб құрылды. Барлық сұрақтар тәулік бойы бақылауда болады. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтар қараусыз қалмайды. Барлық шығын өтеледі.