Мәдениет

Суретші Виталий Жуковтың көрмесі қанат жайды

Көздің жауын алатын таңдаулы туындылар. Көк аспан, мөлдір тұнық көл мен жасыл желек сипатталған суреттер көрмесі облыстық бейнелеу өнері музейінде қанат жайды. Картиналардың авторы – Виталий Жуков. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан 12 туындының әрқайсысынан ерекше мән-мағына, көркемдікті көруге болады. Көрме – “Пленэр-жаз 2023” деп аталады.

ВИТАЛИЙ ЖУКОВ, суретші:

– Көрме туралы айтатын болсам, тақырыбы “Пленэр-жаз 2023” деп аталады. Пленэр дегеніміз – суретші далаға шығып, ашық аспан астында сурет салу. 12 туынды өткен жылғы жазда салынған, есеп беру көрмесі деп айтуға да болады. Тағы бір ерекшелігі, мұнда жаңа туындылар ғана емес, 3 көркемдік стильді де ұсындым, олар: фотореализм, пуантилизи және психоделизм.

Виталий Жуков – өзінің ерекше стилімен танымал. Сонысымен тұрақты көрерменін тауып отыр. Туындыларының басым бөлігі пейзаж жанрына бағытталғанын да көзі қарақты көремен жақсы біледі.

ВИТАЛИЙ ЖУКОВ, суретші:

– Мен ешқашан сурет салу туралы алдыма мақсат қоймаймын. Локация көріп қалсам, керек-жарағымды жинап, жұмысқа кірісіп кетем. Менің негізгі мақсатым – сезінген эмоциям мен көргенімді жеткізу.

Музейге келген халық суреттерге таңдана да таңқала қарап жүр. Таңдай қағарлық әсем картиналарды мұқият тамашалап, мән-мағынасын ұғынып жүр.

ВИКТОР ДЕНИСЕНКО:

– Маған түгелі дерлік ұнады. Бұл суретшінің көрмесіне алғаш рет келуім. Суреттерге қарап жүріп ертегі әлеміне түскендей күй кештім. Күнделікті көз алдымыздағы тұрған ескі үйлер – біздің қаламызды керемет суреттеген. Шедевр деп айтуға болады.

Қиялшыл жерлесіміздің бойы түрлі талант пен дарынға толы. Қылқалам шебері – музыкант, спортшы әрі коллекционер. Өзі 35 аспапта еркін ойнай алады.

 

Ақжүніс Мұқатай