Мәдениет

Орыс театрында – премьера

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында – премьера. Өткен жұма күні театрсүйер қауымның назарына “Боинг-Боинг” атты су жаңа қойылым ұсынылды. Француздық спектакльдің жанры – комедия.

ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:

– Көрерменге тарту еткен қойылымымыз көңілден шығады деп ойлаймын. Онда өте өтімді әрі астарлы әзілдер бар. Көктем мезгілі болғандықтан халық комедияны қажет етеді деп ойлаймын әрі жуырда ғана Халықаралық театр күні аталып өтілді. Осының барлығын қоса алып, ерекше дүние әзірледік. Жалпы, қойылымды толық әзірлеуге 1 айдың шамасында уақыт кетті. Құрам өте талантты актерлерден таңдалып алынды.

Қойылымға қысқаша тоқталайық. Комедия көрерменді Парижге саяхатқа апарады. Мұнда Бернар есімді бойдақ жігіт жас стюардессалардың басын айналдырады. Әрқайсысы оның қалыңдығы есебінде кездеседі. Бойжеткендер әр түрлі ұшақта ұшқандықтан, жігіттің өтірігі біразға дейін ашылмайды. Дегенмен, уақыты келгенде жоспарының барлығы құрдымға кетіп, қызықтың барлығы басталады. Сонысымен халық қыран топан күлкіге қарық болады.

ОКСАНА РОЗАНОВА, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:

– Мен француздық стюардессаның рөлін ойнаймын. Біз сахнаға біреуге ақыл айту немесе үйрету үшін емес, халық демалсын деп шықтық. Көптеген әзіл-сықақ әңгімелер болады, ешкім зерікпейді деп ойлаймын. Қойылымға дайындық барысы қиын болды деп айта алмаймын. Бүгінгі спектакль сияқты жеңіл әрі тез өте шықты. Нәтижесін халық бағалай жатар.

 

Ақжүніс Мұқатай