Қоғам

Мәслихат депутаттары оқытудан өтуде

Осыдан 2 ай бұрын Астанада “AMANAT” партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын оқыту бағдарламасы бастау алған болатын. Нақтырақ айтқанда, халық қалаулылары “Мәслихат депутаттарының қызметін саяси SMM арқылы ілгерілету” семинар-тренингіне қатысты. 2600-ден астам депутатты қамтыған оқыту іс-шарасы бүгін біздің өңірімізде де ұйымдастырылып отыр.

ЖЕҢІС АСАНОВ, “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:

– Мен семинар-тренинг біздің депутаттарға оперативті, сапалы әрі нақты жұмыс істеуде пайдалы деп санаймын. Қазір әлеуметтік желі дамып кеткен. Күтпеген сәтте негативті немесе жалған ақпарат тарап кетуі мүмкін. Сондай кезде депутаттар бірден байланысқа шығып, түсінікті жауап беруге дағдыланулары керек.

Демек, әлеуметтік медиа – депутаттар мен ел тұрғындарының арасындағы заманауи құрал. Ол халық қалаулыларының жұмысы туралы жұртшылықты хабардар етіп, атқарған қызметін ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Ол үшін арнайы техниканы да меңгерген жөн. Оқыту дәрісінің маңыздылығы да осында.

ЕРЛАН МҮСІПОВ, PR-агенттігінің басшысы, Астана қаласы:

– Бұл – осымен ел бойынша қамтып отырған 13-ші аймағымыз. Жалпы, әлеуметтік желілер – коммуникацияның негізгі құралы, адамдар ақпаратты сол арқылы алады. Оны қарапайым әрі барынша түсінікті тілде жеткізу керек. Біз ақпараттық кеңістікте жұмыс істеудің түрлі құралын үйретеміз. Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желіде отырады. Біздің мақсатымыз – депутаттар мен ел азматтары арасындағы байланысты арттыру.

Бүгінгі оқыту жұмысын тренер ретінде “TuraNews” порталының бас редакторы Алмас Тоқабаев, елордалық PR-агенттігінің басшысы Ерлан Мүсіпов және “Basnews.kz” порталының бас редакторы Рамазан Дәулетбаев сынды медиа салысындағы танымал сарапшылар өткізді.

АЙЗАДА РАХМЕТОВА, М.Жұмабаев ауданы мәслихатының төрағасы:

– Қазір сайттағы жаңалықтардың санында шек жоқ. Бір немесе бірнеше сурет қойылады да үлкен көлемдегі жазба қойылады. Бұл халыққа қызық емес. Ал бейнежазба арқылы құлақтандыру әлдеқайда тиімді әрі қызықтырақ деп ойлаймын. Партия ұйымдастырған шара қажет әрі маңызды екенін атап өткім келеді. Депутаттар халыққа барынша жақындай түспек.

Жалпы, облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарға “AMANAT” партиясынан сайланған 150-ге жуық депутат бар. Бүгін соның 124-і оқыту семинарына қатысты. Айта кетейік, тренинг 2 күнге созылады.

 

Ақжүніс Мұқатай