Қоғам

Қызылжарда Ұлыстың ұлы күні кең көлемде атап өтілді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қасиетті Қызылжарға шуақты көктем әз Наурызбен бірге жеткендей. Ұлыстың ұлы күнінде, Петропавлдың төрінде думан болып жатыр. Жиналған халықта есеп жоқ. Жер-жерде киіз үй тігілген.

Мұндай тойды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Қызылжарда Ұлыстың ұлы күні кең көлемде атап өтілді. Ине шаншуға жер табылмаған, ән-жырдан құлақ тұнған, ұлттық ойындар ойналып, түрлі тағамның иісі мұрын жарған алаң. Дүйім жұрт Қыдыр атаның батасына қол жайды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ұлттық мерекеміз – рухани тазару мен жаңарудың, ырыс пен берекенің нышаны. Жаңа жылымыз жақсылық әкелсін. Әр отбасыға береке мен молшылық тілеймін.

Жаңа жылда теріскей жұрты шырайлы Шымкенттен келген қонақтарды қарсы алды. “ER-TURAN” этно-фольклорлық ансамблі сахнаға шығып, мерекенің сәнін келтірді. Шырқалған әнге билегендер де аз болған жоқ.

БАҒЛАН АЛТАЕВ, “ER-TURAN” этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі, Шымкент қаласы:

– Күн салқындау. Бірақ, көңіл-күй тура жаздағыдай. Жаңа “Самал тау”, “Көк шолақ”, “Аққурай” сынды әндерді орындадық. Наурыз құтты болсын!

Қазақтың салт-дәстүрі – баға жетпес мол мұрасы. Жыл бастауы – Наурызға орай дүйім жұртқа бірқатар ғұрпымыз көрсетілді. Оны
“Қазақ аналары” республикалық қағамдық бірлестігінің қалалық филиалына мүшелік ететін ақжаулықты аналар ұйымдастырды.

АЛМА СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ, “Қазақ аналары” РҚБ қалалық филиалының төрағасы:

– Біздің ұжым осыдан 7 ай бұрын құрылды. Ұжымда 25 әже бар. Олар өте өнерлі, белсенді. Біз мектептерге, балабақшаларға барып жүрміз.

Наурызды ұлттық ойындарсыз елестету мүмкін емес. Бүгінгі шара аясында ұстағанын үзер палуандар белдесті. Білекті жігіттердің сайысы біршама адамды жиды.

АСЫЛХАН БОЛАТОВ, жарыстың бас төрешісі:

– Бүгінгі жарысқа салмақтары 80 келіге дейінгі және 80 келіден жоғары жігіттер қатысып жатыр. Финалдық белдесулер басталды. “Түйе палуан” сайысында Батырхан Қайырбек және Қанат Өмірзақ деген палуандар күреседі.

Думан алаңында “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” атты көрме де қанат жайды. Алыстан көз тартар 40-қа жуық картина жұртшылық назарына қойылған. Олардың барлығы ата-бабамыз асауға алғаш ауыздық салған тарихи жерден сырт шертеді.

ГҮЛНӘР МҰҚЫШЕВА, СҚО музей бірлестігінің директоры:

– 2019 және 2023 жылы Айыртау ауданында суретшілердің халықаралық симпозиумы өтті. Оған 8 елдің қылқалам шеберлері қатысып, таңдай қақтырарлық туындыларды өмірге әкелді. Шара соңында картиналардың барлығы бізге берілді. Міне, бүгін соларды ел назарына ұсындық. Мақсатымыз – халыққа өткенімізді, мол мұрамыз бен тарихымызды тағы бір таныту.

Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған шара халықтың көңілінен шықты. Ат шаптырым аумақты аралап үлгерген ағайын бір-бірін құттықтады. Жүрекжарды тілектерін де білдіріп жатты.

– Ақ мол болсын! Наурызда халықтың жиналғаны – еліміздің тыныштығы.
– Бала-шаға аман болсын! Елімізде тек береке болсын!
– Наурыз құтты болсын! Тек той тойлап жүре берейік!
– Еліміз аман болсын!

 

Байболат Құлтанов