МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
– Ақ түйенің қарны жарылған күн! Бүгін жерлестеріміз Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлауда. Ортада тамашалайтын дүние жетерлік!
Қазаққа тән дархандықпен өнерпаздар домбыраны күмбірлетіп, ән шырқап, би билеп, ақжаулықтылар шашу шашып, жұртшылық мәре-сәре. Қалалық білім бөлімінің мамандары дүйім жұртқа ерекше өнер түрін паш етті. Яғни қалаған адам мына киіз үйдің ішіне кіріп, киіз басып, ұршық иіріп, кілем тоқып, өздерінің қарым-қабілеттерін сынай алады.
НҰРЛЫГҮЛ ЖҰМАШЕВА, қалалық білім бөлімінің маманы:
– Қазақта жаңару күні, барша халыққа жақсылық әкелетін күн. Наурыз мерекесінде барлық халыққа бақ-береке, отбасыларыңызға жаңашылдық тілеймін. Қазақ халқының өзіне тән нақышты өнері бар. Біз соны бүгін жұршылыққа ұсынып отырмыз. Қолөнер түрлері көптеп шығарылуда. Өскелең ұрпаққа қазақ халқының қолөнерін таныту ең басты жұмыс болып табылады.
Жерлестеріміз ғана емес, шетелдіктер де жүр мұнда. Жергілікті университетте оқитын үнділік студенттер де өз өнерлерін көрсетіп жатыр.
Наурызды тойлауға шыққан жұртшылық бүгін бір-бірін шуақты мерекемен құттықтап, бақ-береке тіледі.
Мәдина Қаби