Қоғам

Солнечный кентінің тұрғындары Наурыз мерекесін атап өтті

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Бірнеше күнге созылған Наурыз мерекесі Солнечный кетінде тойланып жатыр. Мұнда тұрғындарға арналып мерекелік бағдарлама ұйымдастырылған. Мол, берекелі дастархан жайылған. Наурызды Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Сол себепті, басты тағам да қойылған.

Наурыз көже немесе Жыл көже – Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Тағам молшылық пен тоқшылықтың символы ретінде дайындалады. Оған 7 түрлі дәм қосылады. Бүгін Солнечный кентінің тұрғыны Татьяна Курбатова көршісі беріп жіберген дәмі тіл үйірер көжені жиналған қауымға ұсынуда.

ТАТЬЯНА КУРБАТОВА, Солнечный кентінің тұрғыны:

– Мереке керемет өтуде. Барлығы сондай бақытты және қуанышты болып жүр. Қарап тұрсам, көршілеріміздің бәрі жиналыпты. Менің көршім 86 жаста. Ол бүгінгі шараға келе алмады. Бірақ, халық қуансын деп Наурыз көже дайындап жіберді. Сондай дәмді.

Басты тағамнан облыстық мәслихат төрағасы Владимир Бубенко да дәм татты. Тұрғындарға жылы лебізін білдіріп, келе жатқа әз Наурыз мерекесімен құттықтады.

ВЛАДИМИР БУБЕНКО, облыстық мәслихат төрағасы:

– Наурыз переводится как «Новый день». Сегодня на многочисленных площадях Петропавловска празднуется данный праздник. И я хотел бы отметить ещё и то, что этот праздник начал своё празднование официально, как государственный праздник с 1999 года.

Көктем келісімен барша жұрт Наурыз мерекесін асыға күтетіні жасырын емес. Өйткені, елімізде Ұлыстың ұлы күнін думандатып тойлау дәстүрге айналған. Өңіріміз де қалыс қалып жатқан жоқ. Ұлттық мерекені атап өтуде Солнечный кенті тұрғындарының ауызбіршілігін көруге болады. Үстелдің үстіндегі тағамдардың барлығын өздері дайындаған. Көздің жауын алады. Мұнда еттен бастап тәттіге дейін бар. Бұдан бөлек қолөнер туындылары да қойылған. Мына құмыраларды 12 жасар Лев Герасымив әжесімен бірге жасаған екен.

ЛЕВ ГЕРАСЫМИВ, Солнечный кентінің тұрғыны:

– Менің әжем бұл қолөнер бұйымын балшықтан жасады. Құмыраларға гүл отырғызуға болады немесе аулаңызға, үйіңізге сән ретінде қойып қоюға болады. Әрине, әжем құмыраларды жасап жатқан кезде мен жай қарап тұрмаймын, безендіруге көмектесемін. Мерекеге орай әжемнің қолөнер бұйымдарын сатып жатырмын.

Мереке ортасында жүре берсең, іздегініңді табуға болады. Сондай-ақ, астау мен этностильдегі кілем де жұрттың назарына ұсынылып отыр. 20 астаудан тек 7-еуі ғана қалыпты. Өзгесі сатылып кеткен. Өнімге сұраныс жоғары дейді Солнечный кентінің тұрғыны Мәлік Үдербаев. Бағалары қалта қақтырмайды.

МӘЛІК ҮДЕРБАЕВ, Солнечный кентінің тұрғыны:

– Қарағаш пен аққайыңнан жасалған. Этностильмен жасалған кілем бар. Тәжікстан мен Түркиядан жеткізілген. Өзім дүкен ұстаймын. Тұрғындар қалаға бармасын деп осында сатып жатырмын. Астаулар 16 мыңнан.

Тұрғындар мәре-сәре. Алаңда тойшылап жүрген жұртқа жергілікті өнерпаздар құлақтың құрышын қандырар ән-жырдан шашу шашып, мереке көркін қыздыра түсті.

ТИМУР АЙТҚОЖИН, облыстық халық шығармашылығы орталығының мүшесі:

– Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жаңа жыл ерекше тойлансын деп айтып өткен. Жыл сайын ұйымдастырамыз. Тек орталық алаңда ғана емес, өңірдің түкпір-түкпірінде дүркіретіп тойлаймыз. Жыл сайын бағдарламамыз, киімдеріміз өзгеріп тұрады.

Балалар да мәз-мейрам. Жегілген атқа мінген олардың қуаныштарында шек жоқ. Жалпы кеш тұрғындарға ұнады. Биыл Наурыз меркесіне орай 5 күндік демалыс берілген. Осыған орай солтүстікқазақстандықтар бір-бірін Наурыз мерекесімен құттықтап жатты.

– Еліміз өркендей берсін. Тыныштық болсын. Көже ішіп жатырмыз. Қазақтың тағамдары молынан болсын.
– Немерелеріміз осы жерге келіп қуанып, ойнап жүр. Осындай шара ұйымдастырғандары үшін көптен-көп рахметімді айтамын.
– Құрметті жерлестер, Наурыз мерекесі құтты болсын! Бізге тек қана жақсылық әкелсін.
– Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Жақсылыққа, қуанышта ғана кездесейік.

 

Гүлден Сембаева