Қоғам

Ет асудан шеберлік сағаты өтті

Қазақ халқының басты тағамы – бесбармақ қалай дайындалады? Әр қазақ шаңырағында үйге келген қонаққа ет асылады. Ал қонаққа қандай табақ тартылады? Оған қандай мүше салу қажет? Бүгін қаладағы мейрамханалардың бірінде қамыр жаю мен ет асудан шеберлік сағаты өтті.

ӘНУАР ТОҚПАН, “Рух Тіл Жаңғыру” ҚБ төрағасы:

– Бұл іс-шара жылда ұйымдастырылады. Былтыр неміс, еврей ұлтының тағамдарын көрсететін болсақ, биыл қалай ет асу керектігін көрсетеміз. Оны аспаса қонақ ренжіп қалуы мүмкін.

Ас бөлмеде отқа ет қойылған. Ол піскенше мейрамхананың аспазы Күләш Закарина жұртқа қамырды қалай илеу керектігін түсіндіріп, көрсетуде. Нәзікжандының айтуынша еттің нанын бар махаббатыңмен илеу қажет. Сонда ғана тегіс әрі әдемі болып шығады. Сәлден соң, буы бұрқырап, иісі мұрын жарған қазы-қарта, жал-жаяны да ортаға алып шықты. Мұнда ҚХА-ның өкілдері жиылған. “Рух Тіл жаңғыру” ұйымының төрағасы Әнуар Тоқпан табақ тарту түрлеріне тоқталды.

Қазақ халқында мейманға тартылатын табақтың түрі көп. Олар: бас, қос, сый, жастар, жай табақтары. Бұны көбісі біле бермейді. Қозыбаев университетіндегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная бесбармақты жиі әзірлейді екен.

ЛЮДМИЛА ГРИВЕННАЯ, Қозыбаев университеті «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі:

– Өзім қазақ болмасам да бесбармақты жақсы дайындаймын. Өйткені, қазақи ортада өскенмін. Басымнан өткен бір оқиғаммен бөлісе кетейін. Жас кезімде үйімізге оңтүстік өңірден сыйлы қонақ келеді. Мен білмей 2 омыртқа асып қойыппын. Соны көрген мейман дастарханымды мақтап, тек 2 омыртқа салып қойғанымды айтты. Мен сол жерде сасқалақтамай, ол кісіні қатты сыйлайтындығымнан салғанымды айттым.

Шеберлік сағаты соңында қатысушылар мерекелік астан дәм татты.

 

Гүлден Сембаева