Спорт

Өңірде мүгедектер арасында бочча спорты дамып келеді

Бочча деп аталатын спорт түрін күнделікті ести бермиміз. Елімізде бұл спорт түрі мүгедектер арасында енді дамып, қарқын алып келе жатыр. Аталған ойын тірек-қимыл апараты бұзылған жандарға арналған. Осыдан 2 ай бұрын “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бочча үйірмесі ашылыпты. Оның құрылуына облыстық мәлихат мұрындық болып отыр.

ВЛАДИМИР БУБЕНКО, облыстық мәслихаттың төрағасы:

– Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай біз мүгедектігі бар балаларды қолдап, бочча үйірмесін аштық. Бұл бастаманы алдағы уақытта өзге де елді мекендерде қолға алмақ ойымыз бар.

Бочча – италиялық ойын. Спорт түрі 80-ші жылдары паралимпиада бағдарламасына енгізілген. Аталмыш ойын мүгедектігі бар баланы ортаға бейімдейді, бұлшық еттерін дамытуға ықпал етеді.

Ұл-қыздар 2 топқа бөлінген. Олар кезекпен қолдарындағы допты ортада тұрған
допқа дәл тигізулері керек. Бір қарасаң, бұл спорт түрі боулингке ұқсайды.

ВЛАДИМИР НИЗАВИТИН, жаттықтырушы:

– Ойынның ережесі мынадай: доптардың ішінде біреуі ақ болады, оны “джекбол” деп атайды. Балалардың біреуі сол допты лақтырады. Ол басты шар болып есептеледі. Нәтижесінде ортадағы нысананың жанына қай түстегі доп көп жиналса, сол түстегі топ жеңіске жетеді. Бочча ойыны бойынша аптасына 4 рет жаттығамыз.

Облыстық мәслихат өкілдері жеңіске жеткен топқа кубок табыс етті, сондай-ақ, әр балаға сыйлықтан берді.

– Бүгінгі ойын өте қызықты өтті. Өзіме ұнады. Бірақ, біз жеңіліп қалдық. Алдағы уақытта жеңіске жетеміз деген ойдамын.
– Бүгінгі ойында жақсы нәтиже көрсеттім. Ережелерді жақсы білемін.

Қазіргі таңда “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 15-ке жуық бала тәрбиеленіп жатыр.

 

Гүлден Сембаева