Әкімдік отырысы кадрлық тағайындаудан басталды. «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасының бұйрығымен облыстық филиалының директоры болып Сымбат Құдайбергенов тағайындалды. Ол бұған дейін «Қазпочта» филиалының оңтүстік ақпараттық-логистикалық орталығы директорының орынбасары қызметін атқарған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сымбат Жақыпұлы 1991 жылы туған. Алматы облысының тумасы. Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының экономика мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары «Қазтелеком» АҚ филиалының маманы, «Қазпочта» бас менеджері, сондай-ақ, жеке ұйымдардың директоры болып жұмыс істеді.
Тағайындаудан кейін жиында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды. 2 айдың қорытындысы бойынша экономикалық индикатор 109,3% құрады. Алдымен ауыл шаруашылығына тоқталайық. Мұндағы жалпы өнім 23,5 млрд теңгеге дейін жеткен. Аймақта мал шаруашылығы өнімінің көлемі 3,5%-ға, сүт өндірісі 14,7%-ға және жұмыртқа өндірісі 4,5%-ға өскен. Ал ет өндірісі керісінше төмендеп кеткен.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
– Ет өндірісі бойынша бірнеше аудандағы көрсеткіш төмендеп кетті. Қызылжар ауданында 37,8 %-ға, Уәлиханов ауданында 23,2%, М. Жұмабаевта 20,2%-ға төмендесе, Мамлют ауданында 9%-ға азайған. Ал Ғ.Мүсірепов ауданында жұмыртқа өндірісі 0,4%-ға төмендеген.
2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіптегі өнім 91,7 млрд теңгеге өндірілген. Петропавл қаласында 2 ай ішіндегі өнім көлемі 59,5 млрд теңгені құрады, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 млрд-қа көп. Құрылыс саласындағы жағдайды баяндайық. Биыл жалпы ауданы 12 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй ғимараттары іске қосылған.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
– Құрылыс салсындағы көрсеткіштер өсуінің ең жоғары қарқыны Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында қалыптасты. Құрылыс жұмыстарының көлемі Тайынша 73,3%-ға, Мамлют 0,4%-ға төмендеген. Халық есебінен 9 497 шаршы метр немесе жалпы көлемнің 83,1% енгізілді. Тұрғын үйді пайдалануға беруді ұлғайту көрсеткіші 10 ауданмен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың екі айының қорытындысы бойынша облыс республика өңірлері арасында бюджетті атқару бойынша көшбасшы орынға ие болып отыр. Облыстың жергілікті бюджетіне 21 млрд 139 млн теңге жеке табыс түсті. Бұл жоспардың 111,7% құрайды.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– Облыстық бюджетке 12 млрд 11,4 млн теңге немесе жоспардың 110,3% түсті. Асыра орындау 1 млрд 118,6 млн теңгені құрап отыр. Қалалық және аудандық бюджеттерге 9 млрд 127,7 млн теңге немесе жоспардың 113,7% түсті. 1 наурыздағы жағдай бойынша бюджеттің шығыс бөлігі 2024 жылы 99,9% орындалды.
Қаңтар-ақпан айының қорытындысы бойынша өңірде жалпы дамудың оң серпіні байқалады. Алайда, бірқатар ауданда көрсеткіштер төмендеген. Аймақ басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне бюджет қаражатын игеруді ерекше бақылауға алу керектігін айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық бюджеті қаржыландыру жоспарға сәйкес жүргізу керек. Жобалық-сметалық құжаттама жобасын уақытылы әзірлеуді және сараптама жүргізуді, сондай-ақ, мердігерлермен жасалған шарттарды мемлекеттік сатып алуды жүргізуді ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Жұмыстарды жүргізгенде белгіленген мерзімінен артта қалуға жол бермеу керек және де қаражат айдың соңғы күндеріне тақалып игерілмеуі қажет.
Ғауез Нұрмұхамбетов мәселелердің барлығын бақылауға алуға тапсырды. Экономика басқармасы мен қаржы басқармасы бюджеттік бағдарламалар әкімшісімен бірлесіп республикалық және жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру үшін жобалар тізбесін қалыптастыру қажет деді.