СҚО әкімдігі

Облыс әкімі азаматтарды қабылдады

Облыс әкімінің қабылдауына келгендердің алғашқысы – Кристина Шмидт. Келіншек жолдасымен ажырасқаннан кейін енді екі баласымен барып тұратын жері жоқ екенін айтады. Ол жетімдер санаты бойынша баспана кезегінде 267-ші болып тұр. Баспана кезегі жеткенше көмек беруді сұрады. Ал қала әкімі Серік Мұхамедиев Кристина Шмидтке жатақханадан уақытша тұруға бөлме берілетінін айтты. Бірақ баспанаға кезекті күтуге тура келеді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Қазіргі таңда порталдағы кезек жаңарып, 130 адамға жылжиды және биыл жетім балаларға 28 пәтер беру жоспарда бар. Осыған сәйкес сіздің кезегіңіз жылжиды. Келесі жылдары кезегіңіз келіп қалар деп үміттенеміз.

Ал қала тұрғыны Татьяна Ковалева «Мой ребенок» балаларға арналған оңалту орталығына ғимарат сұрап келген. Сөзінше қазіргі таңда орталық жертөледе орналасқан. Ішін су басады. Сондықтан, жұмыстарын үнемі тоқтатуға мәжбүр. Татьяна Ковалева оңалту орталықтарында жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігіне де тоқталды.

ТАТЬЯНА КОВАЛЕВА, қала тұрғыны:

– Мен үнемі ата-аналармен қарым-қатынастамын. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік тапсырыс бойынша Говоруша мен І-Көмек жеке меншік орталықтары жұмыс жасайды. Барлық ата-аналар осы орталықтарға барғылары келеді. Олар мемлекеттік орталықтарға барғылары келмейді. Өйткені, ол жердегі мамандардың біліктілігі өте төмен.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аталған мәселені тиісті ведомство басшыларына бақылауға алып, шешуді тапсырды. Қабылдауға келген Александр Неклюдов Жұмабаев көшесі бойында орналасқан үйін су басты деп шағымдануда. Айтуынша, үйлеріне кірген суды өз күшімен сорған. Қазір баспанасы тұруға жарамсыз болғандықтан үй жалдап тұруға мәжбүр. Сөзінше бұл жағдай көшедегі жөндеу жұмыстары салдарынан туындаған.

АЛЕКСАНДР НЕКЛЮДОВ, қала тұрғыны:

– Жаңа кәріз жүйелерін дұрыс жасамады ма білмеймін. Казахстанская правда көшесі бойындағы үйлер жақта күз бен көктемде үнемі су басады. Суды сорып үлгере алмай жатырмын. Су ешқайда кетпейді.

Ғауез Нұрмұхамбетов қала әкіміне аталған үйге барып, мәселені қалай да шешуді тапсырды. Облыс басшысы бұл сұрақты өз бақылауында ұстайтынын айтты. Жалпы әкімнің қабылдауына алты адам келді. Қабылдауға келгендердің кейбірі сұрақтарына түсіндірме жауапты бірден сол жерде алды. Ал қабылдауға келген Ернар Рахымжанов, Максим Ищук, Кристина Белых және Людмила Хроминаның сұрақтары облыс әкімі мен ведомство басшыларының назарына алынды.