Наурыз – жаңару мерекесі. Осындай атаумен қала белсенділері жастар үшін интерактивті викторина ұйымдастырды. Батыр Орысбек – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті. Ол бүгін өзінің достарымен бірге дүйім жұрттың алдында қазақ халқының дәстүрлерін көрсетеді.
БАТЫР ОРЫСБЕК, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
– Қырқынан шығару дегеніміз ол баланың 40 күндігі. Ең бірінші өтпелі кезеңнен өтуі болып есептеледі. Ең бірінші, біз судың адалдығын көрсетеміз. Яғни суға күміс салып жуындырамыз. Ал күміс қазақ елінде адалдықтың символы болып табылады. Қазір біз баланың тырнағын, шашын алатын боламыз.
Талапты жастың айтуынша қазір ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бір түрі – жарапазан. Ол – ораза ұсталған уақытта айтылатын өлең. Яғни жастар бұрында кешкілік ауызашар кезде есік алдына шығып, қосылып ән шырқаған. Оған маңайдағылар мүлдем қарсы болмаған, керісінше үйден сыйлықтарын алып шығып, қолдау көрсеткен. Шараға қатысқан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Тәттібаев жастар салт-дәстүрлерін ұмытпауы қажет дейді.
ИМАНҒАЛИ ТӘТТІБАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Іс-шараның маңызды мақсаты – жастарымыз өздерінің дәстүрлерін, тарихтарын ұмытпауы қажет. Күн сайын жаңа күн. Алдымызда Жаңа жыл болайын деп тұр. Сонымен бірге өзіміз де жаңаруымыз қажет. Осындай атаулы Жаңару күніне орай біз іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Біздің жүрегіміз, миымыз жаңарсын.
Жастардың көрсеткен дәстүрлерін қазылар алқасы бағалайды.
Мәдина Қаби