Жыл артқан сайын Қазақстанда цифрлық технологияларды қолдану көрсеткіші де артып келеді. Бүгінде мемлекеттік мекемелер жаңашылдықтарды көптеп енгізуде. Мысалы, былтыр өңірдегі кірістер органдары өз құзыреттіліктеріндегі 45 қызметті 463 мың рет көрсетіпті. Соның 99,6 пайызы онлайн режимде жүзеге асқан.
БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:
– 25 қызмет – салық саласында, 17 қызмет – кеден саласында. Оның ішінде 34 мемлекеттік қызмет түрі облыстық және аудандық деңгейде көрсетіледі, оның ішінде: 20 – салықтық, 14 – кедендік қызмет.
Сала бір орында тұрған жоқ. Үнемі даму үстінде. Тұрғындармен байланысты одан әрі арттыру үшін бейінді комитет Астана қаласында кезекті пилоттық жобаны іске қосты. Ол уақыт өте еліміздегі барлық мемлекеттік кірістер басқармасына енгізілмек.
БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:
– Астана қаласы Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында тұтынушыларға қызмет көрсетудің 4 сатылы жобасы қолға алынды. Алғашқысы – «Бастау». Бұл – жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған пакет. «Кәсіпқой» – кәсіби бухгалтерлерге қызмет көрсетуге арналған пакет. «Құрмет» аға буын үшін әзірленді. Ал «Өрлеу» электрондық қызметтерді белсенді пайдаланушыларға арналған.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдерімен кездесуде Бауыржан Шайкенов декларация тұрғысында әңгіме қозғап, жұртшылықты ортақ міндетті орындауға шақырды.
Байболат Құлтанов