Ұлыстың ұлы күніне орай облыстық мәслихат қабырғасында тәлімгерлер кеңесі өтті. Мұнда 4 жас маман ел игілігі жолында аянбай еңбектеніп, халқына адал қызмет етуге ант бермек. Солардың бірі – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы болып тағайындалған Екатерина Тивкова. Нәбәрі 20 жастағы жерлесіміз өзіне артылған ауыр жүкті көтеруге сақадай сай.
ЕКАТЕРИНА ТИВКОВА, Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы:
– Мен мемлекеттік қызметте 3 айдан бері жұмыс істеймін. Бұл саланы таңдаған себебім, халықты тыңдап, мәселесін шешуге жәрдемдескім келеді. Болашақта жоғары оқу орнына түсіп, біліктілігімді арттырғым келеді. Бұл менің осындағы қызметімнің өсуіне де әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірде 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Дегенмен, кадр тапшылығы байқалады. Өзекті мәселені шешуде бірқатар бастама қолға алыныпты.
ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Қазір кадр тапшылығын шешу үшін әрі жастарды тарту үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кадр резервіне қабылдау басталды. Наурыздың 1-інен басталған жұмыс 31-іне дейін жалғасады. 140 кандитат тіркелді. 90 адамның құжаты тексеріліп, қабылданды.
Бұдан басқа, тәлімгерлер кеңесінің отырысында Аққайың және Мамлют аудандары әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды. Олар өздерінің мақсаттары мен жобаларын ортаға салды.
Ақжүніс Мұқатай