Спорт

Петропавлда үлкен теннистен облыс чемпионаты өтті

Петропавлда үлкен теннистен облыс чемпионаты өтті. 2 күнге созылған жарысқа 5 пен 17 жас аралығындағы 123 спортшы қатысты. Бәрінің көздегені – жеңу.

АЛИК ЕСІМОВ, Теннис орталығының басшысы:

– Бұл жарыс үшінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Өңірімізде тенниске қызығып, осы спортпен шұғылданамын дейтін жасөспірімдердің қатары көбейіп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – әлемдік додаларда еліміздің абыройын асқақтататын жас спортшыларды тәрбиелеп шығару.

Сайысқа тек Петропавл қаласынан емес, облысымыздың аудандарынан да жеткіншектер келіп отыр. Жеңіп шыққан спортшылар түрлі сыйлықтармен марапатталады.

Басты марапат – республикалық жарысқа жолдама. Дінмұхаммед Сапар – жеңіс тұғырының биік сатысына шығуды көздейтін жастың бірі. Қолына ракетка алғанына біршама уақыт болыпты.

ДІНМҰХАММЕД САПАР, жарысқа қатысушы:

– Мен тенниспен 2 жылдан бері айналысымын, маған қатты ұнайды. Бірінші қарсыласымды еш қиындықсыз жеңіп шықтым. Менің басты мақсатым – жарыс жеңімпазы болу, ата-анамды қуанту.

Жарыс деңгейіне қарап облысымызда үлкен теннис қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Ұйымдастырушы жандардың айтуынша, болашақта Петропавлда осы сияқты жарыстар жиі өткізіледі.

 

Нұрасыл Ахмет