СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжарда көпқабатты үй тұрғындары Наурыз мейрамын атап өтті

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Концерттік бағдарлама, спорттық шаралар, тәтті шай мен Наурыз көже. Ұлыстың ұлы күні Жамбыл, 80 мекенжайында тойлануда. Тұрғындар мәре-сәре. Мұнда еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін жиналған.

Наурыз мерекесіне санаулы күн қалса да қалалықтар мейрамды тойлауды бастап кетті. Ұлыстың ұлы күні жыл сайын қаланың орталық бөлігінде ғана емес, үйлердің аулаларында да кең көлемде аталып өтіледі. Бұл – тұрғындардың ауызбіршілігінің айғағы. Ырыс пен ынтымақтықтың, татулық пен бірліктің символына айналған мерекені асыға күтетін жан қаншама. Қаһарлы қыстан аман шыққан жерлестеріміз берекелі мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда. Тұрғындарды Наурыз мейрамымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облысымыз гүлдене берсін. Тек қана жақсылық болсын. Еліміз аман болсын. Наурызбен бірге Рамазан айы да болып жатыр. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын.

Жамбыл көшесіндегі 80-ші үйде 9 подъезд болса, ауладағы тойға түгелі шықты. Көптің ұйымшылдығының арқасында берекелі дастархан жайылды.

– Қандай керемет. Ал мынау Наурыз көжені кім жасады?

– Мен жасадым. 7 түрлі дәмнен дайындадым. Бұның ішінде қыстан шыққан қазы. 85\Сүт, айран. Арпа, бидай. Жыл бойына тоқ болып жүрейік деп.

Осы аулада Ұлыстың ұлы күні 2-ші жыл қатарынан тойланып жатыр екен. Мереке қамына белсенді ат салысатындардың бірі – Күлзайра Тамулина. Нәзікжанды бірнеше тағам әзірлеп әкеліпті. Әзірлікпен өткен екікүндік еңбектің нәтижесі тамсанарлық. Тізілген тағамдар көздің жауын алады, дәмі тіл үйіреді.

КҮЛЗАЙРА ТАМУЛИНА, қала тұрғыны:

– Мерекеміз құтты болсын!. Әрбір үйде бақыт, береке бола берсін. Бауырсақ, бүйрек, пирог дайындадым. Наурыз көже де істедім.

Ауланың бергі жағында берекелі дастархан жайылса, ар жағында спорттық шара өтіп жатыр. Мейрам балалар үшін тіптен қызық. Олар тоғызқұмалақ ойынын тамашалады, бақтарын да сынап көрді.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, облыстық “Urpaq” қазақ ағарту-мәдени орталығының мүшесі:

– Қазір біз жастар арасында немесе үлкен кісілерге тоғызқұмалақ ойнатуды үйретіп жатырмыз. Біреуі тез түсінеді, ал біреуі қиыншылықтарға да тап болып жатады. Дегенмен, ойынның басты мақсаты бойынша қатысушылар мұқият болуы қажет. Сонда ғана жеңіске жетеді. Әр қатысушыға тосын сыйымыз бар.

Мерекенің атмоферасы Жәлел Қизатов көшесінде де сезіліп жатыр. Бұнда да дәл осындай мерекелік бағдарлама ұйымдастырылған. Бұл маңдағы шараның басы-қасында Қазақстан Халық партиясының мүшелері жүр. Қатысушылардың дені – мектеп өкілдері.

ШЕГЕБАЙ НҰРҒОЖИН, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры:

– 4-ші, 23-ші және 43-ші мектеп, сондай-ақ, біз де қатысып жатырмыз. Жыл сайын ұйымдастырамыз. Бірақ, биылғы мереке ерекше. Оны Амал мерекесінен бастадық. Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!

Ал тепсе темір үзер жігіттер арқан тартыс, гір көтеруде күштерін сынады.

– Біздің ауламызда да осындай мерекелік іс-шара ұйымдастырған жандарға алғысым шексіз. Көңіл-күй деген керемет. Келіп жеткен Наурыз мерекесі құтты болсын!
– Біз өзіміз 43-ші мектептен келіп отырмыз. Наурыз мерекесі ұнап жатыр. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
– Еліміз көркейе берсін. Ырыс-берекеміз, ұйымшылдығымыз арта берсін.

 

Гүлден Сембаева