Қоғам

Қызылжар қалалық мешітінде қайырымдылық акциясы өтті

Рамазан айы – жомарттық танытып, жақсылық жасалатын ай. Теріскей тұрғындары қалыптасқан дәстүрден жаңылмады. Қасиетті айдың 5-ші күні Қызылжар қалалық мешітінде қайырымдылық акциясы өтіп отыр. Игі шара барысында 100 көмекке зәру отбасыға азық-түлік таратылды.

АҚБӨПЕ ШУҚАНОВА, қала тұрғыны:

– Ораза айы құтты болсын! Ұйымдастырушыларға көптен-көп рахмет, осындай қайырымдылық акциясын өткізіп жатқандары үшін алғыс білдіремін. Сауапты істері Алладан қайтсын.

Бүгінгі акцияны “Зекет” қайырымдылық қоры өткізіп отыр. Кәсіпкерлер көмек қолын созыпты. Ұйым өкілі Қасымхан Исаевтың айтуынша, былтыр 225 отбасыға 3,5 млн теңгеге қажетті заттар алыныпты. Ал биылғы Рамазан айында 2 бірдей пәтер сыйлау жоспарланып отыр.

ҚАСЫМХАН ИСАЕВ, “Зекет” қайырымдылық қорының СҚО бойынша өкілі:

– Көмектескен барлық азаматтарға өз алғысымды айтқым келеді. Жанашыр жандардың көмегімен осындай шара ұйымдастырып жатырмыз. Рамазан айында мыналар әрдайым жасалады: мұқтаж отбасыларға азық-түлік арқылы көмектесу, кешкі уақытта ауызашар беру. Алдағы уақытта біршама қайырымдылық істерді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Бұл акцияға 50-ге жуық жомарт адам қатысқан. Мешітке келіп, азық-түлік пакетін алмағандар қолдаусыз қалмайды. Көмек олардың үйлеріне жеткізіледі. Алдағы уақытта әр ауданда осындай қайырымдылық акциясы өтпек.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Өздеріңіз білетіндей, қала бойынша көптеген мешіт бар. Мұқтаж жандар мешіттерге келіп, өтінім қалдырады. Біз сол арқылы жұмыс істейміз.

Сонымен қатар, алдағы уақытта дін өкілдері тарапынан көмек балалар ауылына және қарттар үйіне көрсетілмек.