Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында тасқынның алдын алу бойынша маңызды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнда қармен күрес жалғасуда. Жауапты іске сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Мырзабай Омаров дән риза.
МЫРЗАБАЙ ОМАРОВ, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Биыл қар жылдағыдан көп түсті. 00:55-01:03 Қар еріген кезде жолдың таза болғаны дұрыс. Жол қазір де жиналып қалады. Жылдағыдай қиындық болмайды.
Жалғыз Мырзабай Омаров қана емес, аудан орталығының өзге тұрғындары да мамандардың ісіне оң баға беруде. Айтуларынша, жұмыс көзге көрінеді.
ӘЛІБЕК ЖҰМАТАЕВ, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Биылғы жыл қарлы, боранды болды. 2017 жылғы тасқыннан кейін көз алдымызға үрей келеді. Жергілікті билік ерте қимылдап, қар шығару науқанын бастап кетті. Кезінде өзім де коммуналдық қызметте жұмыс істегенмін. Сол кезде бөлінген қаражат пен қазіргі қаражатты салыстыруға болмайды.
Қаржы дегеннен шығады, биыл аймақтағы елді мекендерден қар шығаруға қомақты қаражат бөлінді. Мысалы, Есіл ауданының өзіне ғана 29 млн теңге бағытталған. Мұндай қолдау маңызды жұмысты ақпан айының басында бастауға мүмкіндік берген.
ЕРЖАН МҰСТАФИН, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
– Бүгінгі күнге дейін 44 600 текше метр қар шығарылды. Жұмыстар жалғасып жатыр. Аудандық бюджеттен 10 млн теңге берілді, ал облыстық бюджеттен 19 млн теңге бөлінді.
Алдын ала келісімге сәйкес, жергілікті кәсіпкерлер мен ауылшаруашылық тауар өндірушілері көшелерді қардан тазартып, оны сыртқа шығаруға міндетті. Берік Жаниясов «Барс» жеке кәсіпкерлігінде жүк тиеуші болып еңбек етеді.
БЕРІК ЖАНИАСОВ, «Барс» ЖК қызметкері:
Біздің жеке кәсіпкерлік тарапынан 8 техника жұмыс істеп жатыр. Мамандар тәулік бойы еңбек етеді. Бүгінгі күнге дейін
6 мың текше метр қар шығардық.
Жауапты мамандар ұсынған дерекке сүйенсек, Есіл ауданында 6 ауылды су басуы мүмкін. Осыған орай жеке құрам жасақталып, арнайы техника әзірленген. 450 тонна инертті материал да дайындалыпты.
Байболат Құлтанов