Ұлыс күні – ырыс күні. Наурыз мерекесіне орай Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия мектеп қабырғасында оқушылар арасында облыстық деңгейде айтыс ұйымдастырылды. Анель Қанашеваның айтысқа бет бұрғанына бір жылдай болған. Өнерлі жеткіншек Абай мектебінен келген оқушымен айтысты.
АНЕЛЬ ҚАНАШЕВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының оқушысы:
– Қарсыласымды 10 балға лайықты деп ойлаймын. Ол өте мықты болды. Ол күйді жақсы тартады және өз ойын тиянақты жеткізе алады. Ал өзіме 8 балл берер едім. Себебі, кішкене кейбір сөздерді дұрыс айта алмай, ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Бірақ, жеңістен дәмелімін.
Жас айтыскерлердің саны – 14. Оқушылардың айтыс өнеріне деген құлшыныстары бар дейді шараны ұйымдастырушы Аманжол Зағыпар.
АМАНЖОЛ ЗАҒЫПАР, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Біздің мектебімізде «Сөз өнері» деген үйірме бар. Сонда жетекшілік атқарамын осы мектепте. Біздің мектептен 3 оқушы қатысып отыр. Балалардың талпынысы жаман емес.
Айтысқа қала мектептерінен -10, аудандардан 4 бала келіп отыр. Олардың өнерін қазылар алқасы бағалайды.
ҚАРАҚАТ ШАЛАБАЕВ, қазылар алқасының мүшесі:
– Айтысты синкретті өнер дейміз. Онда табан аузында ой тастап, ой таба білу қажет. Айтыс балаларды ойшылдыққа тәрбиелейді. Екінші айтқан ойын көркем тілмен, ұйқасты өлеңмен жеткізе білу қажет. Ол – ақындық қасиеті. Үшінші ерекшелігі – айтар ойын әуезді әуенге салып, айта білу. Ол – сазгерлік қасиеті.
Мәдина Қаби