Бұл – Советская, 39 мекенжайындағы тұрғын үйдің шатыры. Баспананың төбесін қолдарына күрек ұстаған екі адам қыс бойы жауған ақ ұлпадан тазартып жатыр. Бұл жұмысты тұрғын үйдің ПИК төрағасы ретінде Азамат Қасенов іске асыруда. Оның жауапкершілігіне осындай 7 баспана кіреді.
АЗАМАТ ҚАСЕНОВ, “Советская, 39” ПИК төрағасы:
– Тазалау кезінде адамға да, шатырға да зақым келтірмеу үшін барлық сақтық шаралары қабылданады, мұқият тазартылады. Бұл жұмысты атқару – тұрғындардың емес, ПИК-тің міндеті.
Көктем келгенімен әзірге жылымық сезіле қоймайды. Енді аз уақытта қар ери бастайды. Күн жылынғаны жақсы, әрине. Дегенмен, температура жоғарылаған сайын көпқабатты баспаналар мен ғимараттардың шатырындағы салбыраған мұз сүңгілер еріп, құлай бастайды. Оның адам өміріне деген қаупі айтпаса да түсінікті.
ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
– Қазіргі таңда қалада 1197 көп қаббаты үй бар. Олардың көбі – 70-80 жылдардағы баспаналар. Сондықтан, онда техникалық жұмыстарды уақытылы жасау керек. Бұл тұрғындардың меншігі болғандықтан жұмысқа өздері қатысуы керек. ПИК болса, олар атқаруы қажет.
Осы абаттандыру ережесін бұзғаны үшін жыл басынан бері ӘҚБтК-ның 505-бабы бойынша 47 хаттама толтырылған. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда жеке тұлғаларға – 20, шағын және коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК, ірі кәсіпорындарға 100 АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылған.
Ақжүніс Мұқатай