Еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев. Мақтай Рамазанұлы 1929-шы жылы Есіл ауданындағы Өндіріс ауылында дүниеге келген. 20 жасында Семей мұғалімдер институтына оқуға түседі. Білім ордасын тәмамдағаннан кейін кіндік қаны тамған жерде қызмет етеді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– 50-ші жылдары оқу орнын аяқтағаннан кейін Белоруссияда әскери қызметін атқарған. Қызметін атқарып қана қоймай, командир болған. Елге келгеннен кейін партия ұйымында иснтруктор болып жұмыс істейді. Тың игеру және тыңайған жылдары оның іскерлік қабілетін көре отырып Афанасьев совхозының директоры ретінде тағайындаған болатын. Совхоз директоры болып жүрген кезінде облыстың үлкен жиналыстарында еңбекшілердің қолдау мәселелері туралы көтерген.
Мақтай Рамазанұлы түрлі жоғары лауазымды қызметі абыроймен атқарып, өзінің бар білімі мен ұйымдастырушылық қабілетін туған елінің игілігіне жұмсады. Қажырлы еңбегінің арқасында 89-шы жылы Көкшетау облысы партия комитетінің 1-ші хатшысына дейін көтерілген. Жаны жайсаң, жомарт жан әрқашан көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созудан аянған емес. Бүгінде облыстық архивте қоғам қайраткері туралы ақпарат қоры толықтырылуда.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Бүгінгі күндері біз өзіміздің архивтен ғана емес, орталық архивтен сурет, бейнежазба құжаттарын алдырдық. Ол кісінің қорына қосымша ретінде пайдаланып жатырмыз. Оны Есіл ауданына және қоғамдық пен мемлекеттік ұйымдарға таратып, осы тұлға жөнінде деректерді ұлғайтудамыз. Бізде оның өмірбаяны және жетістіктері, сонымен қатар, үлкен жиында сөйлеген сөздері бар.
Мақтай Рамазанұлының еңбегін кезінде Дінмұхамед Қонаевтың өзі жоғары бағалаған деседі. Белгілі тұлғаның есімі белгілі бір нысандарға немесе көшелерге берілсе дейді облыстық архив директоры Сәуле Мәлікова.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Ономастикалық мамандар өзінің жұмысын жандандыруы тиіс. Қоғамдық және жеке тұлғалардың ұсыныстары бар. Сол ұсыныстардың ішінде Мақтай Сағдиев туралы да бар.
Жастар тарихи тұлғаларды біліп жүрсін деген ниетпен облыстық архив мамандары жастарға арнап жиі жиын ұйымдастырып тұрады. Мақтай Сағдиев көзі тірі болса биыл 95 жасқа толар еді.
Гүлден Сембаева