ТЖ

Жыл басынан бері 100-ден астам өрт оқиғасы болған

Тілсіз жауға тұсау салынбай тұр. Жыл басынан бері өңірде 111 өрт оқиғасы орын алып, 8 адамның өмірі қиылған. Ал түрлі жарақат алған 21 адамның 5-еуі – бала. Келтірілген материалдық шығынның мөлшері 48 млн-ға жуықтайды. Жағымсыз көрсеткіш 2 есеге кемігенімен, өлім-жітімді өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда аса өзгеріс байқалмайды.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

– Айта кету керек, өрттің 71 пайызы жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Тұрғындардың бәрі бірдей пешті дұрыс салмайды. Пайдалану кезінде де қарапайым ережелерді сақтамайды. Міне, көбінесе осы себепті жалын бас көтереді.

Тілсіз жау баспананы ғана емес, темір тұлпарды да жалмап жатыр. Мұнда да өсім байқалады. Жыл басталғалы 22 көлік өртке оранып, 3 теріскейлік жарақат алған. Жыл сайын артпаса кемімей тұрған статистиканы төмендету үшін төтеншеліктер ауқымды жұмыс атқаруда.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

– Жыл басынан бері департамент қызметкерлері 22 158 тұрғын үйді аралап шықты. Оның барысында 30 мыңнан астам адам қамтылып, 35 мыңнан астам жаднама таратылды. Полиция қызметкерлерімен бірге алкагольдік ішімдіктерді асыра пайдаланатын тұлғалардың тұрғылықты жерлері бойынша рейдтер жүргізілді. Олардың барысында 801 тұрғын үйге барды.

Қазір өңірде тілсіз жаудың алдын алу үшін 300-ден астам адамнан тұратын 54 жедел мобильдік топ құрылды. Олар 1400 рейдтік іс-шараны жүзеге асырған. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Дегенмен, арамызда ережені елемейтіндер бар. Тиісті заңнаманы бұзған 190 жанның 174-і ескерту алып, 776 мыңнан астам айыппұл салыныпты.

 

Ақжүніс Мұқатай