Ауыл шаруашылығы

СҚО-да суармалы жердің көлемі ұлғаяды

Солтүстік Қазақстан облысында су үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып, суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. 2023 жылы осы бағытта 5 инвестициялық жоба жүзеге асты. Биыл олардың қатарына тағы бірнешеуі қосылады. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұл тіршілік көзімен тұрақты түрде қамтылатын танаптардың аумағын шамамен 3 мың гектарға арттыруға ықпал етеді. Аймақта жаңбырлатып суаруға баса назар аударылуда. Өсірілетін негізгі өнім мал азығы – 2409 га, дәнді дақылдар – 1038 га, қалған алқапты көкөністер алып жатыр. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында 2021-2025 жылдар аралығында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңімен 10,1 мың гектарға дейін ұлғайту шаралары қарастырылған.

 

Байболат Құлтанов