Қоғам

Қалада суағарларды қардан тазартып жатыр

Облыс орталығындағы суағарлардың ұзындығы 228 шақырымды құрайды. Оның 100 шақырымнан астамы ашық жүйе болып саналады. Қар-қоқысқа толып қалатыны да осылар. Қазір жұмысшылар қауымы суағарларды тазалап әлек. Өйткені, жуық арада күн жылиды, қар ериді, еріген қар суы қайда барады? Ауылда жылға болса, қалада осы суағармен аға жөнеледі. Суағар таза болса тасымайды, маңайды лай-батпақ баспайды.
Қызу жұмыс қазір Жұмысшы кентіндегі төрт бірдей көшеде жүріп жатыр. Соның біреуі – Панфилов көшесі.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Жалпы, суағарлар тазалау бойынша 5 бригада жұмыс істейді. Оларда 20-дан астам техника мен 40-қа жуық адам жұмылдырылған. Суағарлар күні бойы, ал қар шығару тәулік бойы жұмыс істейді.

Ақпанда басталған жұмыстың 75 пайызы тындырылды. Бірақ, бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Суағарлар ғана емес, әр жер үйдің жанындағы үйінді қар да тып-типыл етіп тазаланады. Ол үшін сол үйдің тұрғыны ауладағы ақ ұлпаны қоршаудың сыртына шығарып қоюы қажет. Қазір қалада бұл іске 200-ге жуық техника мен 300-ден астам адам жұмылдарылған. Гүлім Сейітова Жұмысшы кентінде жер үйде тұрады. Нәзікжандының айтуынша, қазір үйінің маңы тап-таза. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері ауладан шыққан қарды уақытында алып кеткен.

ГҮЛІМ СЕЙІТОВА, қала тұрғыны:

– Көктем басталғалы қарды ақырындап әкетіп жатыр. Тракторларды көреміз қарды әкетіп жатқанын. Кішкене қар да азайып қалды. Жұмыс жақсы жүргізіліп жатыр, өте қуаныштымыз. Жер үйде тұрамыз. Біздің ауладан қарды алып кетті. Үйіміз төмен орналасқан.

Қала ішінен жиналған қар қала сыртындаға 4 полигонның біреуіне апарып төгіледі. Бүгінге дейін облыс орталығынан 930 мың текше метр ақ ұлпа шығарылған.

 

Гүлден Сембаева