Балалар

Облыста 125 шахмат үйірмесі жұмыс істейді

Шахмат – логикалық ойлауды машықтандыратын спорт түрі. Айлана Ескендірова үлкенді-кішілі фигуралар мен төртбұрышты тақтаны жанына серік еткеніне 4 жыл болған. Бүгінгі кезекті сайысқа түсіп жатыр. Жеңістен дәмелі.

АЙЛАНА ЕСКЕНДІРОВА, жарысқа қатысушы:

– Қатысушылар осал екен. Әзірге, алдыңғы орында келе жатырмын. Қазір бір қарсыласымды жеңсем, 1-ші орын иесі атанамын. Барымды салмақпын.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде 8 Наурыз мерекесіне орай шахматтан қыздар арасында қалалық ашық чемпионат өтті. Сайысқа 10 мен 18 жас аралығындағы бұрымдылар қатысты. Қатысушы саны 60-қа жуықтайды.

ДАНИЯР УӘЛИЕВ, химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Қыздар арасында мұндай турнир жиі ұйымдастырылмайды. Осыны аңғарып жарыс өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – шахматты қыздар арасында және қаламызда дамыту.

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, СҚО спорт дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Біз шахматты дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жұмыс жүргізудеміз. Сайыстар жиі өтеді. Солтүстікте спорттың бұл түрі жоғары деңгейде дамып келеді. Бүгінде облыста 125 шахмат үйірмесі жұмыс істейді. Онда 1900-ға жуық оқушы қарым-қабілеттерін шыңдауда.

Қуантарлық жайт, шахмат өңіріміздің ауылдарында да дамуда. Бүгінде елді мекендерде 80-нен астам үйірме бар. “Бұлақ көрсең көзін аш” дегендей, бұл бастама талантты ұл-қыздардың көпшілікке танылуына септігін тигізері анық.

 

Мәдина Қаби