БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Қай жерде, мейлі, қай елде, Әлемнің мәні – әйелде. Талай ақын жырға қосқан, талай жазушының кеңінен көсілуіне себеп болған нәзікжандылар қауымының жылдағы мерекесі келіп жетті. Ертең – Халықаралық әйелдер күн. Мейрам қарсаңында нәзік гүлге теңейтін азаматшалар облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың құттықтауын қабыл алмақ.
Күнделікті өмірде айналысына шуақ шашып жүретін нәзікжандылар мерекеде одан сайын құлпыра түскендей. Сәнді көйлек, тартымды ой-өрнек, бұйра шаш, көз сүйсіндірері рас. Жүздері бал-бұл жайнаған қыз-келіншектер солтүстікке кеш жететін көктемді жақындата түскендей. Залды лық толтырған сұлулықтың символдары алдына аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов шығып, жылы лебізін, жүрекжарды тілегін тілдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Әйелдер жігерлі,талантты болса, халық бай” деген сөз бар. Сіздерге еңбекте табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін
Әйел – ана, әйел – батыр, әйел – жар. Бұл тізбекті жіптегі моншақтай жалғай беруге болады. Қазір нәзікжандылар қауымы еңбек етпейтін сала жоқ. Кең жауырын, жұмыр білекті ерлермен иық тірестірген азаматшалар мақтау-марапаттың барлығына лайық. Бүгінгі шарада олардың бірсыпырасы құрмет-қошеметке бөленді.
Ду қол шапалақпен сахнаға шыққан жанның бірі – Райхан Жанбота. Айыртаулық азаматша 7 баланы өмірге әкелді. Осы үшін мемлекет басшысының атынан “Алтын алқа” алқасымен марапатталды.
РАЙХАН ЖАНБОТА, “Алтын алқа” иегері, Айыртау ауданы:
– Мектепте ұстазбын. Үйде де, мектепте де бала тәрбиелеймін. Мемлекет көпбалалы аналарға көңіл бөліп жатыр. Осы күнге жеткеніме өте ризамын.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мереке иелері бұдан өзге де марапат алды. Олар үшін концерт те қойылды. Бишілер бимен кештің сәнін келтірсе, әншілердің нәзікжандыларға арнаған әндері жүрекке жетті, көңіл-күйді көтерді.
Байболат Құлтанов