Халықаралық әйелдер күніне орай Жастар сарайында салтанатты шара өтті. Жиында облыстық ҚАЖД-да жұмыс істеп жүрген 60-тан астам нәзікжанды марапатталды. Олардың көбі түзету мекемесінде еңбек етеді. Жауапкершілігі мол саланың білікті маманы Тана Қазжановаға бүгін 3-ші дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін” медалі табыс етілді. Осы саласының жілігін шағып, майын ішкен маманның жұмыс істеп келе жатқанына – 10 жыл.
ТАНА ҚАЗЖАНОВА, СҚО ҚАЖД №50 мекемесі бастығының көмекшісі:
– Кішкентай кезімнен бастап армандаған армандарым орындалды деп айта алмын. Форма кигім келетін. Әпкем де осы салада қызмет атқарады. Соның ізімен мен де жұмыс атқарып келемін.
Жиында ІІМ-нің Құрмет грамотасымен 1 адам, қылмыстық-атқару жүйесінің үздік төсбелгісімен де 1 нәзікжанды марапатталды. Сондай-ақ, 10-нан астам қыз-келіншекке департамент бастығының марапаты берілді. Мерекелік жиында қызметкерлердің аналары да назардан тыс қалмады. Жуырда шен таққан нәзікжандылар арасында сұлулық байқауы өткен екен. Оған 12 нәзікжанды қатысыпты. Бүгін соның қорытындысы жария етілді.
ЗАРИНА БАЙХАДАМОВА, СҚО ҚАЖД баспасөз хатшысы:
– Біздің департаментте фотоконкурс ұйымдастырылған болатын. Осы байқауға мен де қатыстым. “Мисс улыбка” номинациясы бойынша марапатталдым. Қазіргі кезде ҚАЖД департаментінде 260-тан астам әйел адам жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі мерекеде 3 қызметкер алдын ала өз атақтарын алған болатын. Яғни аға лейтенант болған қызметкерлер капитан атағын алған болатын.
Сонымен қатар, өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған мамандардың отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Гүлден Сембаева