Әйелдер – махаббаттың, сұлулық пен нәзіктіктің символы, отбасының ұйтқысы. Қазір нәзікжандылар сан саланы меңгере жүріп, едәуір биік белестерді бағындыруда. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қала әкімі Серік Мұхамедиев әйелдер қауымын келе жатқан мейраммен құттықтады.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Сіздердің әрқайсыларыңыз әлемге ерекше сұлулық пен үйлесімділік сыйлайсыздар. Еңбек етіп жатқан саланың дамуына, қаламыздың өркендеуіне едәуір үлес қосып жатырсыздар. Қымбатты әйелдер қауымы, сіздерді көктем мерекесімен құтттықтаймын.
Залда әр істің басын қайырған, жілігін шағып, майын ішкен әйелдер отыр. Бұл күні 20 шақты нәзікжанды жарқын мерекені Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен қарсы алды. Арасында шаһардағы кәсіпорындардың бірінде 17 жылдан бері оқшаулаушы болып қызмет ететін Людмила Ратай да бар.
ЛЮДМИЛА РАТАЙ, «Средаэнергомонтаж Петропавл» ЖШС оқшаулаушысы:
– Біздің мамандық шеберлікті қажет етеді. Жұмыс өте ауыр, қажырлы еңбекті талап етеді. Міндетті түрді жабдықтармен таныс болуың керек. Басында қиын болды, әрине, уақыт өте келе үйреніп кеттім. Бүгін қала әкімінің Құрмет грамотасын иеленіп отырмын. Бұл – мен үшін және барша әйелдер қауымы үшін үлкен қуаныш.
Тағы бір марапат иесі – Гүлмира Бисарина. Ол бақандай 32 жылын білім саласына арнаған. Шаһардағы мектептердің бірінде қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Жас ұрпақтың бойына ана тілімізді сіңіруге орасан үлесін қосып келеді.
ГҮЛМИРА БИСАРИНА, №5 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:
– Менің әкем де, анам да мұғалім болып жұмыс істеген. Мен де сол кісілердің жолын қудым. Биыл қала әкімінің Алғыс хатын алдым. Еңбегімді бағалап жатқанына алғысым шексіз.
Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін мерекелік концерт ұйымдастырылып, аналарға, жалпы әйелдерге арналған көркем әндер шырқалды. Жүректерге қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Ақжүніс Мұқатай