Қоғам

“Сұлу бол” байқауы

Сұлу бол. Бүгін шаһардағы Ескендір Дәуітов атындағы колледжде осындай атаумен сайыс ұйымдастырылды. Қалалық қана емес, аудандық білім ордалары қатысушыларының басы қосылған конкурс 2 кезеңнен тұрады. Қиял мен тапқырлық сыналатын сайыстың шымылдығы өнер колледжінің дарынды студенттерінің әндерімен ашылды.

Кезек мың бұралған қатысушы қыздарға да келді. Көздің жауын алатын образдарымен кезек-кезек ортаға шығуда. Әрқайсысы өзінше ерекше. Мысалы, мына қыздың сыртқы кейпі саңырауқұлаққа ұқсатылып боялған.

УЛЬЯНА МЕДВЕДЕВА, Е.Дәуітов атындағы қалалық қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:

– Бүгінгі конкурсқа осындай образ дайындадық. Айтарлықтай қиын болған жоқ. Қызықты болу үшін барымызды салып іздендік. Басындағы қалпақты өз қолымызбен жасадық. Оның барлығы уақыт алды, әрине. Макияжды да сәйкестендірдік.

Айта кетейік, “Сұлу бол” облыстық сайысы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бүгін барлығы – 10 қатысушы өзара бақ таластырады.

ЖҰЛДЫЗ ЫСҚАҚОВА, Е.Дәуітов атындағы қалалық қызмет көрсету саласы колледжі директорының орынбасары:

– Осы конкурсқа әділ қазы болып білім басқармасының бас маманы, әдіскері және біздің әлеуметтік серіктесіміз бен колледждің шаштараз өнері мамандығының өндірістік оқыту шеберлері келіп отыр.

Ендігі қыздарға артылған міндет – күрделі кешкілік макияж жасау. Арнайы үстел басына жайғасқан 2 қыздың біреуіне бояу жағылса, біреуі бояндырады. Бұған 120 минут беріледі.

ЭЛОНА ПУЗИКОВА, Булаев кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенті:

– Менің моделім – бізге сабақ беретін оқытушымыз. Кешкі образ жасауға кірісіп жатырмын. Бояуды көк костюмге сәйкестендіріп жасамақпын. Шашқа сәл көлем беремін. Өте жарқын образ болып шығуы керек.

Баға берушілер қыздардың еңбектері мен талпыныстарына тиісті ұпай қойып, әділ бағалайды деп сенеміз. Жеңіске жеткендер мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар бар.

 

Ақжүніс Мұқатай