Облыс орталығында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында 4 профилактикалық мәселе және 1 тәртіптік іс қаралды. Соңғысы Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылдық округінің әкіміне қатысты.
АСҚАР КӘКІМОВ, Аққайың ауданының прокуроры:
– Астраханка ауылдық округінің әкімі Қабатаев “Компания KZ01” серіктестігіне ақша аударып, аяқталмаған жұмысты қабылдаған. Аударылған қаржының көлемі 1 361 607 теңгені құрайды.
Яғни, атқамінер өзінің лауазымын пайдаланып, мемлекеттің қаржысына оңды-солды қараған. Бұған заңмен қатаң тыйым салынған. Кеңес қатысушылары округ әкімінің ісін қатаң сынға алды.
ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:
– Мұндайға жол беруге болмайды. Лайықты жазасын алу керек. Ауылдық округ әкімін жұмыстан шығару жөнінде ұсыныс білдіремін.
Қабатаевтың өзі Әдеп жөніндегі кеңеске қатыспады. Кеңес мүшелері баяндамашыны тыңдай келе, Аққайың ауданының әкіміне мемлекеттік қызметшіні жұмыстан босату бойынша ұсыныс білдірді.
Байболат Құлтанов