Сап түзеген әскери қыз-келіншектер қошеметке ие болды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс орталығында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Салтанатты шарада 6637 әскери бөлімінің 50-ден астам аруы марапатталды. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген» дана қазақ. Ауыр саланың темірдей тәртібіне көніп, қызмет пен отбасын қатар алып жүрген жандар қаншама. Жиында облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталғандардың бірі – Гүлнаш Байбусинова. Нәзікжанды 6637 әскери бөлімінде іс жүргізуші маман болып жұмыс істейді. Осы салада қызмет етіп келе жатқанына – 18 жыл. Жолдасы да әскери қызметші.
ГҮЛНАШ БАЙБУСИНОВА, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі бөлімшесінің іс жүргізуші маманы:
– Облыс әкімнің құрмет грамотасын бірінші рет алып тұрмын. Бұған дейін қала әкімінен алғанмын. Әскери бөлімде жұмыс істеу оңай деп айта алмаймын. Қиындықтары да бар. Таңғы 8-ден бастап кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Форма, берцы киіп, сапта барлығымен бірге тұрамыз. Үлкен балам әскери қызметші болмаса да кішкентайларым біздің жолымызды жалғастырады деген ойдамын.
Әскери бөлімде тек ер азаматтар ғана қызмет атқармайды. Сонымен қатар, иық тіресе отыра 50-ге жақын әскери нәзікжанды жұмыс істейді. Салтанатты шарада облыс әкімінің Құрмет грамотасымен 4 адам, қала басшысының грамотасымен 5-еу, ҰҰ Бас қолбасшысының бұйрығымен 30-ға жуық қыз-келіншек марапатталды. Сондай-ақ, 14 ардагер құрметке бөленді.
АЙЖАН ЖАКУПОВА, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі бастығының аға көмекшісі:
– Әскери бөлімнен зейнеткерлікке шыққан ардагерлерімізді де тыс қалдырмай іс-шараға шақырып, марапаттадық. Осындай іс-шара ұйымдастырғаны үшін біріншіден біздің басшылыққа, жалпы жеке құрамға алғыс айтамын. Осы сәтті пайдалана отыра барлық әйелдер қауымын мерекемен құттықтаймын. Жыл сайын тұрақты түрде нәзікжандыларымыз марапатталады.
Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.
Гүлден Сембаева