Білім

Петропавлда “Жайлы мектеп” жобасы бойынша 4 мектеп салынады

Облыстық кәсіпкерлер палатасында жергілікті білім басқармасының өкілі, құрылысшылар, жиһаз өндірушілер мен “Samruk-Kazyna Construction” АҚ өңірлік өкілдері кездесті. Олар бірегей жоба аясында Петропавлда салынып жатқан екі оқу орнын жиһаз-жабдықтармен қамту мәселесін талқылады.

ЕСЖАН ОРАЗАЛИН, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Петропавлда “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы бойынша 4 мектеп салынады. Олардың екеуінің құрылысы өткен жылы басталды. Мекемелер “Орман” және “Береке” шағын аудандарында орналаспақ. Әр білім ұясы 600 орынға шақталған. Жоспар бойынша жайлы мектептер ағымдағы жылдың қыркүйек айында қолданысқа берілуі керек. “Орман” шағын ауданында мектеп салуға арналған конкурстың жеңімпазы – астаналық “ASTI” ЖШС, ал “Береке” шағын ауданында – петропавлдық “Единство” серіктестігі.

Осы жобаны іске асыру шеңберінде “Атамекен” ҰКП әр облыста жиһаз өнімдерін, құрылыс материалдарын және тиісті жабдықтарды өндіретін компаниялардың тізбесін қалыптастырды. Тізімге енетіндерге ерекше талаптар қойылды. Облыстық білім басқармасының өкілдері жиһаз өндірушілерге оқу және пәндік кабинеттердің, асхана және басқа бөлмелердің қандай болу керектігін жіті айтты. Парталар мен орындықтар, шкаф пен сөрелердің сипаттамаларына да ерекше назар аударды.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Мектептер мен кабинеттердің дизайнын мердігерлер анықтайды, бірақ білім басқармасы ретінде бізге салынып жатқан мектептердегі жиһаздар мен жабдықтардың балаларға шынымен ыңғайлы болуы маңызды. Ол үшін басқарма жұмыс комиссиясын құрды, арнайы топ жайлы мектептердің әлеуетті директорларымен бірлесіп, кабинеттер мен жиһаздардың санитарлық және басқа да талаптарға сәйкестігін, тіпті розеткалардың орналасқан жеріне дейін тексеретін болады.

Айта кетейік, биыл тағы екі мектептің құрылысына конкурстар жарияланады. 1200 орынға шақталған нысанның бірі – “Қопайда”, ал 900 орынға арналған екіншісі “Жас Өркен” шағын ауданында бой көтермек.

 

Ақжүніс Мұқатай