Спорт

Петропавлда кикбоксингтен республикалық турнир бастау алды

Рингте қостанайлық және өскемендік кикбоксшы жұдырықтасуда. Екі спортшы бір-біріне дес берер емес. Қызыл бұрыштағы Ернұр Қайырбеков шымыр әрі шапшаң екен. Осы қасиеттерінің арқасында қарсыласын ұпай сандары бойынша жеңді.

ЕРНҰР ҚАЙЫРБЕКОВ, турнирге қатысушы, Өскемен қаласы:

– Осы төбелесте тренерімнің айтқандарын орындап жеңіске жеттім. Қарсыласым өте мықты. 60 келі салмақта өнер көрсеттім.

Бұл жекпе-жек Петропавлда бастау алған кикбоксингтен ерлер мен әйелдер арасындағы республикалық турнир аясында өтіп отыр. Жарыс үш күнге созылады. Ол Ауған соғысының ардагерлеріне арналып отыр.

ҚАЖЫМҰРАТ НҰРМҰҚАНОВ, Ауған соғысының ардагері:

– Жастар үшін бұл сынақ әрі үлгі деп ойлаймын. Спорт – әскерге дайындықтың бір түрі.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген спортшылардың саны 150-ден асып жығылады. Шеттерінен бәрі мықты. Оларға білікті төрешілер төрелік етеді.

СҰЛТАНҒАЛИ ҚУАНДЫҚ, турнирдің төрешісі:

– Жарыстың деңгейі өте жоғары. Себебі, бұл іріктеу сайысы болғандықтан әрқайсысы 1-ші орын алғысы келеді. Қазақстанда бұл спорт түрі өте жоғары деңгейде дамыған. Жастарымыздың алған бағыты қуантады.

Іріктеуде оза шапқан споршылар ел құрамасына алынады. Олар жазда Вьетнамда өтетін Азия чемпионатына қатыспақ.

 

Мәдина Қаби