Қоғам

ХҚКО қызметкерлері енді мемлекеттік қызметтерді қоғамдық орындарда көрсететін болады

Қазақстанның 20 облысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алатын 29 connection point ашылды. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары сауда орталықтары, базарлар, автовокзалдар және банктер сияқты қоғамдық орындарда орналасқан.
Айта кетер болсақ, connection point – азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы қызметтерді өз бетінше алуға көмектесетін аумақ болып табылады. Мұнда клиенттер электронды қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, зейнетақы жинақтары туралы анықтама алу сияқты қызметтерге тапсырыс бере алады.

АРМАН КЕНЖЕҒАЛИЕВ, “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕАҚ басқарма төрағасы:

– Өткен жылы қазақстандықтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында 15 млн-нан астам қызмет алған болатын. Біз ірі қалалар мен облыс орталықтарында connection point орнату арқылы жобаны ауқымды етуді ұйғардық. Біз сауда орталықтарын, базарларды, автовокзалдарды кездейсоқ таңдаған жоқпыз, ол жақтарда адам легі көп және азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін біздің қызметкерлерге жүгіну ыңғайлы болады.

Петропавлда Сonnection Point Ш.Уәлиханов көшесі, 56 мекенжайы бойынша “City Mall” сауда-ойын-сауық орталығында орнатылған. Бүгінге дейін сауда орталықтары мен базарлардағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 2 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қаңтар айындағы ең танымал қызметтердің бірі – азаматтық хал актілері туралы мәліметтерді түзетуге өтініш беру. Азаматтар «Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасына қатысу үшін балалар туралы мәліметтерді қосуға өтініш берген.

 

Гүлден Сембаева