Интернационал көшесі, 2Б мекенжайы бойынша орналасқан ғимарат бір кездері ірі ұйымға тиесілі болды. Мұнда 1947 жылы Комсомолка тігін фабрикасы орналасқан. Алайда, араға бірсыпыра жыл салып, өндіріс орнының жұмысы тоқтады. Сөйтіп, нысан жекенің қолына өте бастады. Кәсіпорынның мына бөлігі 2000-шы жылдардың басында Орталық Азия университетінің басқаруына берілген. Дегенмен, бұл аты ғана. Оқу орны жұмыс істемейді, маңайда студент те, оқытушы да көрінбейді. Ғимараттың бірнеше қабатында «Прогресс» тігін фабрикасы орналасқан. Қалғаны өткеннен сыр шертіп қаңырап тұр.
– Нысанды қайта құру керек, бірдеңе жасауға, сатуға болады деп есептеймін. Яғни, әйтеуір қала келбетін жақсарту қажет.
– Көшенің сәнін қашырып тұр. Менің ойымша бұл ғимаратты қалпына келтіруге болады.
Қаңырап тұрған ғимараттың маңайы да шашылып жатыр. Қар көбесі сөгілгесін аумақ бұдан да мүшкіл күйге түсері айдан анық. Тарихи нысанның адам танымастай күйге түссе, яғни “тамырына қайтадан қан жүгірсе” нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлден Сембаева